Қостанай облысында полицейді аяусыз өлтірген адам өмір бойына сотталды

Көркем Алдабергенова 13 қар. 2024 12:19 1797

Қостанай облысының тұрғыны полиция қызметкерін өлтіргені үшін сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының тұрғыны С-ке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. 
 
Сотта анықталғаны:
 
Қостанай облысының Ұзынкөл ауылында бұрын сотталған С. қызметін жүзеге асыруына және кәсіби борышын орындауына байланысты кек алу үшін кісі өлтіру мақсатында Ұзынкөл ауданының полиция бөлімі қызметкері Ш.-ның үйіне кіріп, оның үйге оралуын күтіп отырған. Бұрын Ш. криминалист ретінде С.-ға қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан. Күдікті полицейдің өмірлік маңызды органдарына пышақпен ауыр жарақат салған. Салдарынан полицей оқиға орнында қайтыс болады.
 
Содан кейін сотталушы қылмыстың іздерін жасыру үшін Ш.-ның денесін үйдің ауласына жасырған. Одан кейін Ш. - ға тиесілі заттар мен азық-түліктерді жасырын ұрлап, қылмыс орнынан қашып кетті.
 
Тараптардың ұстанымдары:
 
Сотталушы С. сотта кінәні ішінара мойындады, ол жәбірленушімен сөйлескісі келетінін түсіндірді, бірақ әңгімеден нәтиже шықпай, жанжалға ұласып, пышақтап, үйіндегі бірнеше затты алып кеткенін айтты. Себебі ол ұзақ уақыт бойы жасырынып жүруді жоспарлаған. Оның әрекеттерін ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігіне қайта біліктілендіруді сұрады.
 
Прокурор қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды, сондай-ақ С. әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануын тануды сұрады.
 
Жәбірленуші тарап прокурордың ұстанымын қолдады.
 
Сотталушының кінәсі дәлелденді:
  • сотталушының, жәбірленушінің, куәгерлер мен сарапшылардың айғақтарымен, сондай-ақ қылмыстық істің зерттелген материалдарымен, оның ішінде тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және бейнематериалдарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және істің өзге де материалдарымен.
Жаза бойынша:
 
Сотталушы С. - ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар бойынша сот қылмыстардың қауіпті қайталануын мойындады. Сот жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ.
 
ҚК-нің 99 - бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп немесе онсыз 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
 
ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігінің санкциясы айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, 3 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп немесе онсыз сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
 
Сот талқылауы барысында белгіленген мән-жайларды, жасалған қылмыстың ауырлығы мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ кінәлінің жеке басын ескере отырып, сот сотталушы С.-ға төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.
 
С. әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануы танылды. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың жалпы сомасы 5 млн. теңгеге азаматтық талабын қанағаттандырды.
 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар