Қостанай облысының Әулиекөл аудандық соты блогер Николай Гиньятовты айыптады. Ол әкім орынбасары Гүлбара Мұсағазинаға қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін 200 МРП (784 мың теңге) мөлшерінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Halyqstan телеграм арнасының мәліметінше, Мұсағазина Гиньятовтың бірқатар жарияланымында оның абыройы мен ар-намысына нұқсан келтіретін, жалған ақпарат таратылғанын дәлелдеп, сотқа жүгінді. Блогер Мұсагғзина аталған ақпаратпен байланысы бар деп, Қостанай облысының денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікірлерін білдірген. Ол медициналық жабдық сатып алуда қаржының тиімсіз пайдаланылғанын, сондай-ақ басқа да құқықтық және қаржылық бұзушылықтарды Мұсағазина біле тұра жасаған деп мәлімдеген еді.
Сотқа ұсынылған зерттеу нәтижелері бойынша жарияланған материалдардың көпшілігі Мұсағазинаның арызындағы талаптарды растайды. Ал Гиньятов өз кезегінде таралған ақпараттың жалған екенін дәлелдейтін фактілер анықталмағанын айтып, өз кінәсін жоққа шығарды. Блогер сондай-ақ ақпаратты тексеру немесе растау мүмкіндігі болмағанын алға тартқан.
Дегенмен сот материалы бойынша Мұсағазинаның ар-намысы мен абыройын төмендететін белгілер анықталған.
Осылайша, Әулиекөл аудандық соты Николай Гиньятовты масс-медиа арқылы жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, оған айыппұл салды.
