Қостанайдағы жарылыс: үш адамның қазасына кінәлі деп танылған азамат жауапкершіліктен босатылды

Қостанайдағы жарылыс: үш адамның қазасына кінәлі деп танылған азамат жауапкершіліктен босатылды
Фото: egemen.kz

Қостанай қаласының соты 2023 жылғы 11 желтоқсанда шағын жөндеу шеберханасында болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Соттың мәліметінше, шеберханада жөндеуде тұрған "ГАЗ Газель" көлігіндегі газ баллонынан газ сыртқа шығып кеткен. Газ ауаға тарағаннан кейін тұтанып, қатты жарылыс болған.

Салдарынан үш адам көз жұмып, тағы бір адам ауыр жарақат алған. Жарылыстан тұрғын үйлер, өндірістік ғимараттар және басқа да мүліктер бүлінген. 26 жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 240 миллион теңгеден асқан.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұраған. Соған қарамастан, сот оны кінәлі деп таныды. Алайда оқиғадан бері заңда белгіленген екі жылдық ескіру мерзімі өтіп кеткендіктен, ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.