Қош бол, Алматының трамвайы!

Dalanews 30 мам. 2017 03:07 1060

Алматыда көше-жол жүйесінің көлік өткізу қабілетін арттыруға ықпал ететін трамвай рельстері сүріліп, 18 жол бұрылысында орташа жөндеу жұмыстары басталады.

Торайғыров және Каблуков көшелерінде ұзындығы 3,7 шақырым болатын велосипед жолы салынып, айналасы абаттандырылады.  Шевченко, Қонаев, Өтепов көшелеріндегі 7,5 шақырым жердегі трамвай рельстері алынады. Бұл учаскелерге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, бордюрлер реттеліп, арық жағалаулары, бекет нүктелері, велосипед жолдары көріктендіріледі.

«Қазіргі кезде Байтұрсынов көшесі, Тимирязев көшесінен Абай даңғылына дейінгі аймақ қайта жасалып, велосипед жолдары ретке келтірілуде, Жандосов көшесі, Сайын көшесінен Таусамалы елді мекеніне дейінгі ұзындығы 2,08 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жалпы, жолдарды жөндеу жобасында көлік қозғалысы бөліктерін 4 жолаққа дейін кеңейту, «Қарғалы» өзені арқылы өтетін көпірді қайта жасау, ұзындығы 2 шақырым болатын веложолдар мен ұзындығы 4 шақырым болатын тротуарларды абаттандыру да қарастырылған», – делінген әкімдік сайтында.

Жақын күндері Алатау ауданындағы Алғабас және Ақбұлақ ықшам аудандарында ұзындығы 10,9 шақырым болатын жолдың, ал Наурызбай ауданындағы Қалқаман және Алты Алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,3 шақырым болатын жолдардың құрылыстары басталады. Жалпы, Алматыда жолдарға жүргізілетін құрылыс-жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 9,5 миллиард теңге бөлінген.

 

Дереккөзі: kaz.tengrinews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар