Қордайдағы жанжал. Ұсталған 47 адамның бәрі босатылды

Dalanews 09 ақп. 2020 03:22 720

Қордайдағы жанжалдан кейін іле-шала 47 адам ұсталған болатын. Dalanews.kz кеше 44 адамның босатылғанын хабарлаған болатын. Олардың біразы – Қаракемер елді-мекенінің азаматтары екен. Олардың кінәсі жоқ екені белгілі болды. Бұдан кейін Қордай ауданындағы бүлікшілік кезінде ұсталған 47 адамның барлығы да босатылды. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметов мәлімдеді.

Өңірде болған жағдайға байланысты кеше Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына шұғыл жетіп, жағдаймен танысқан болатын.

7 ақпан күні, кешкі сағат алты жарым шамасында Қордай ауданының Қаракемер мен Масанчи ауылдары тұрғындарының арасында қақтығыс орын алды. Таяқ-тастармен қаруланған бүлікшілер тұрғын үй терезелерін сындырып, көліктер мен дүкендерді өртей бастады. Қазір жағдайды полиция толық бақылауына алды. Осыған байланысты Үкімет комиссиясын бастап барған вице-премьер Бердібек Сапарбаев тұрақтылықты қамтамасыз етеміз деп сендірді.

– Қазіргі таңда біз араңдатушылардың кімдер екенін білмейміз. Өздеріңіз көрдіңіздер, үйлер мен сауда орындарының, көліктердің қандай жағдайға ұшырағанын. Бұл қарапайым халықтың қолынан келмейді деп ойлаймын. Сондықтан біздің ойымызша, араңдатушылар мен арнайы ұйымдастырушылар болуы мүмкін. Оны құқық қорғау органдары құрған жұмыс тобы зерттейді, тексереді, анықтайды, – деді Бердібек Сапарбаев.


Өкінішке қарай бүлікшілік салдарынан 8 адам қаза болды. 127 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 39-ы оқ жарақатын алған. Тағы 43 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Жетеуі жансақтау бөлімінде. Олардың жағдайымен Бердібек Сапарбаев танысты. 5 науқас санитарлық авиация арқылы Алматы қаласына және біреуі Тараз қаласына, сонымен қатар 13 адам туысқандарының көмегімен көрші Қырғыз еліндегі Тоқмақ ауруханасына жеткізілді.

– Жаңа түс қайта да өздеріңіз білесіздер, 47 адам түні бойы болған жағдай салдарынан Қордайда ұсталған болатын. Одан кейін 44 адам Ауқатты ауылында ұсталған болатын. Олардың біразы – Қаракемер елді-мекенінің азаматтары. Олардың кінәсі жоқ деп отыр, –  деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.


Қазір оқиға орнында 14 жедел жәрдем бригадасы мен 39 дәрігер медициналық көмек көрсетіп жатыр. Арнайы техниканың 19 бірлігі, 12 өрт сөндіру көлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің 80 қызметкері жұмылдырылды.

– Бір Аллаға шүкіршілік айтамын. Бейбітшілікті ту еткен осындай елде тұрып жатқанымыз үшін Үкіметке алғысымызды білдіреміз. Жерлестер, ешқандай араңдатушылыққа жол бермеңдер. Сан жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келдік. Санаулы адамдардың тұрмыстық сипаттағы мәселесіне бола, күллі елдің мазасын алдық. Біздің, ақсақалдардың да қателігі барын жасырмаймыз. Қариялар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп отыру керек.

Үкімет комиссиясы, сондай-ақ Қордай ауданындағы Қордай, Масанчи, Ауқатты және Сортөбе елді-мекендеріне барып, ішкі жағдаймен танысады. Жергілікті тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деді Сортөбе ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмар Войнце.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар