Қонаевтағы темір жол қаланың сыртына шығарылады

Dalanews 20 ақп. 2023 13:14 1015

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат  Қарабаев Алматы облысына сапары барысында  өңірдегі бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен бірге, Қонаев қаласында сала өкілдерімен бас қосып, келелі кеңес өткізді , – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен Марат Қарабаев Алматы облысындағы құрылысы жүріп жатқан «ТехноНиколь-Орталық Азия» ЖШС-не тиесілі нысандарды аралады.

Ведомство басшысы аялдаған алғашқы нысан Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағы болды.

198,3 гектар аумақты алып жатқан индустриалды аймақта  12 кәсіпорын орналасқан. Оларға 104 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарланған. Нәтижесінде 2563 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы 6 кәсіпорынның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде биыл 3 бірдей зауытты іске қосу жоспарланған. Айта кетейік, индустриалды аймақтағы үш тағанды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жекеменшік серіктестік аясында жүргізіліп жатыр.

Зауыт құрылысына 321 адам жұмылдырылған. Бас мердігер  -«Диал-Строй» ЖШС.


Ағымдағы жылы шілде айында ғимаратты жылытуға арналған құрылыс материалдарын шығаратын зауытты қолданысқа беру көзделген.

Су жаңа зауыттың  алып жатқан жер көлемі 30 гектарды құрайды. Кәсіпкерлердің қолын байлап отырған мәселе, инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Зауыт басшылығы осыған қатысты министрліктен қолдау көрсетуін сұрады. Марат Кәрімжанұлы бұл мәселені облыс әкімдігімен бірлесіп, шешімін шығаратынын айтты.

Министр бет бұрған келесі нысан Заречный ауылындағы «Дорпласт-инвест» ЖШС болды.

«Dorplast-invest Production Company» ЖШС – тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полимер бұйымдарын шығаратын заманауи, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. «ҚТЖ» ҰК» АҚ кәсіпорындары үшін жол құрылымының элементтерінің жетекші жеткізушісі болып табылады.

Бұл өндіріс ошағындағы жылдық өнім көлемі мөлшерінің төмендеуі, отандық өнімге деген нарықтағы сұраныстың азаюы бүгінгі күні зауыттың жұмысын кенжелетіп тұр. Артур Хачатрянның уәжін тыңдаған ведомство басшысы оны жеке қабылдауына жазып алды, сұрақ ауқымды болғандықтан жауапты сала өкілдерімен бірге отырып талқылауға шақырды.

«Бұған қатысты кеңінен талқылау қажетпіз. Сіздерді бейсенбі күні жеке қабылдауымда күтемін. Сол жерде ақылдасайық», - деді Марат Қарабаев.

Күннің алғашқы бөлігінде қос кәсіпорынның жай-күйімен танысқан Марат Кәрімжанұлы облыстық әкімдік ғимаратында өңірдегі басқарма басшылары және салалық кәсіпкерлермен, сондай-ақ өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.

Бас қосуда алғаш болып сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы, министрдің бұл іс-сапары аймақ үшін аса маңызды екенін, ауқымды жобаларды жандандыруға үлес қосатынын тілге тиек етті.

Артынша, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы баяндама жасады.

Ол өз сөзінде, облыста жалпы ауданы 1,5 мың гектар болатын 4 индустриалды аймақ барын, онда құны 140 млрд. теңгенің 13 жобасы іске асатынын айтты. Алайда бұл маңды жарық пен сумен жабдықтау жұмыстары толық жүргізілмеген. Осыған байланысты қаржылық қолдау көрсетуді сұрады.


Министр өз кезегінде қажетті құжаттарды жылдам дайындау керектігін ескертті. Үлгермеген жағдайда инрфақұрылымды қаржыландыру 2024 жылға қалдырылатынын ашып айтты.

Жиында сөз болған келесі мәселе, күре жолдың тағдырына байланысты болды.

Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Батанов салаға қатысты статистиканы сөйлетіп, мәселені ортаға салды.

Алмас Батанов министрге қазіргі уақытта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚТЖ" АҚ атынан Алматы станциясының теміржол торабын айналып өтіп, "Жетіген-Қазбек-Бек" айналма теміржол желісін салу жобасын іске асырып жатқанын және өзі басқаратын басқарма облыс орталығының бас жоспарында көзделген Қонаев қаласын айналып өтетін транзиттік теміржолды көшіру мәселесін пысықтап жатқанын айтты.

– 2 стратегиялық маңызды жобаларды дамыту үшін біз жоғарыда аталған жобалардың көлік инфрақұрылымы негізінде Алматы облысында мультимодальды көлік-индустриялық-сауда хабын құрудың тұжырымдамалық жоспарын іске асыру бойынша жұмыс тобын жасақтадық. Осы жобаны іске асыруға байланысты мәселелерді жан-жақты шешу үшін, егер сіз біздің жұмыс тобымызға министрлік өкілін қосып берсеңіз жақсы болар еді, – деді Алмас Батанов.

– Алматы облысының орталығы Қонаев қаласынан өтетін темір жолды қаланың сыртына шығару мәселесін көтеріп отырсыздар. Бүгінгі күні Қонаев қаласының даму жоспары әзірленуде. Жалпы темір жол жүйесін қаланың сыртына шығаруға келісеміз.

Бірақ екінші мәселе тұр. Бұл Алматы қаласының айналма темір жолын құру мәселесі бар. Оған қатысты техникалық-экономикалық негіздемені жасай бастадық. Ендігі сұрақ, осы жобаның шеңберінде жасаймыз ба, әлде жеке жоба ретінде қарастырамыз ба?

– Біздің ойымызша бұл жеке жоба болады. Өйткені, Қонаев қаласының ішінен темір жолды шығарамыз деп қолдағы жобаны тоқтатпауымыз керек. Екіншіден, Қонаевтағы темір жолға қатысты жұмысқа жеке инвесторлар да қызығушылығын танытып отыр. Бұл іске қатысты әлі де талдау жүргізілетін болады, – деді министр Марат Кәрімжанұлы.

Кездесу барысында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аян Сәбитұлы мердігерлерден дайын үй сатып алуға қатысты ойын білдіріп, бұл ұсынысты қолдауын сұрады.

Министр бұл ойды құптап, алдағы уақытта облыс әкімдіктері мердігер компаниялардан үйлерді өз балансына өткізу үшін сатып алатынын айтты.

Ал жалпы биылғы жылы жалдамалы тұрғын үйге 100 млрд.теңге, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бардарламасына 163 млрд. теңге қарастырылған.

Аймақтағы басқарма басшысының өз аузынан түйіткілді мәселені естіп, оған өз тарапынан тұшымды жауап берген Марат Қарабаев Қарасай ауданы, Абай ауылында орналасқан  «KZ Recycling» ЖШС-гін бетке алды.

2003 жылы ашылған кәсіпорын Орталық Азиядағы қағаз өнімдері мен гофрленген картонның ірі өндірушісі болып табылады. Мұнда 842 адам еңбек етеді. Жылына 100 мың тонна 50 түрлі өнім шығарады.

Зауыт басшылығының ендігі арманы өндіріске қажет құрылғыларды алу. Оған 10 млн. 183 мың  еуро қаржы қажет. Айтуларынша кәсіпкерлікті дамыту қорына лизингке өтініш берген.

Қорап өндірісін көзбен көрген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі темір-бетон шығаратын «ПК Алтын Таға» ЖШС-не барды.

Өндіріс айлағында 29 блоктан тұратын зауыт құрылысы жүргізіледі. Бүгінгі күні мұнда 8 нысан салынып жатыр. Қазіргі кезде компания басшылығы құрылысқа 40 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған. Қалған нысандарды салу үшін мемлекеттен қолдау қажет екенін алға тартты.

– Кәсіпкерлікке қолдау көрсету біздің басты міндетіміз. Сіздер бізге қанша қаржы керек екенін нақты есептеп берсеңіздер. Біз қарастырайық. Бір айта кетерлігі бұл қаржыны сіздерге 9 пайыздық мөлшерлемен несие ретінде беруді қарастыруға болады, – деді  министр Марат Қарабаев.


Одан шығып, Марат Кәрімжанұлы елдегі жалғыз «Алматы тұрмыстық техника зауытына» барды. Зауыт негізінен газ және электр плитасы, ас үй сорғышын шығарады. Алдағы уақытта телевизор және кір жуатын машина шығаруды қолға алмақ. Бүгінгі күні жылдық қуаты 50 мың өнім өндіруге қауқарлы, келер жылы бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар, әр үш жыл сайын зауыттың құрылымын кеңейтіп, қосымша кәсіпорын ашу жоспарланған. Айта кетейік, «Алматы тұрмыстық техника зауытының» ең бір ерекшелігі мұндағы мамандардың барлығы жергілікті тұрғындар.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар