Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов «Жылу орталығы» мекемесіне барып, жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Мекеме басшысы Оңғарбек Махамбетов қала жылыту маусымына 85 пайыз дайын екенін айтты. №2 және №4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтіп, су жылытатын №9 қазандыққа ревизия жасалған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Орталықта 10 қазандық бар. Оның төртеуі су жылытқыш, алтауы бу қазандықтары. Қазір су жылытқыш 1 қазандық қана жұмыс істеп тұр, 3-еуі резервте. Бу қазандығының біреуі жөндеуден өтуде, ал біреуі жұмыс жасауда, 4-еуі резервте тұр, – деді мекеме басшысы.
Қалада орталықтандырған жылуға 31 мыңнан астам абонент қосылған. Үйдегі температураның төмендігіне байланысты өтініштердің 70 пайызы қаралып, пәтер иелері кооперативтерімен тығыз жұмыс атқарылуда. Қазір №1,2,3,4 ш/а-дағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі қондырғылар тазаланып жатыр.
– 12 тамыздан бастап жабдықтарды тексеру мақсатында шаһарға ыстық су беру тоқтатылады. Мұның барлығы қыстан аман-есен шығу үшін жасалып жатқанын тұрғындар түсінуі қажет, – деді Оңғарбек Махамбетов.
Сонымен қатар ол №2,4,5 шағын аудандарының жылу желілерін ауыстырып жатқан мердігер компанияның ісі туралы айтты. Сөзінше, сот шешімі жақын арада шығады. Содан кейін конкурс қайта ойнатылады. Мердігер анықталған соң, аталған желіні қазан айының соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
Қала әкімі Асхат Бердіханов болса, нысанды жаңғырту жобасын тездетіп жасауды тапсырды.
Мамандар халыққа пәтердегі терезелерді жылылап, құбырлар мен радиаторларды уақытылы тазалауға кеңес береді.