Біздің қазақ осыны терең түсініп алса, ұлтымыз үшін өте тиімді қағидат болар еді. Көп жағдайда біздегі дін жолында жүрген азаматтар Сирияда жүрген адамдарды қазақтың бауырына балайды, арабқа жақын жүргендер арабтарды да бауырымыз деп санап жүр, бұрынғы Кеңес өкіметінің тәсіліне салсақ, орыс ең жақын ағамыз болып шығады.
Мұның бәрі мұсылмандық қағидаттар тұрғысынан қарайтын болсақ, жамағат, үмбет деген ұғымға саяды. Алайда, қазақтың ұлттық тұтастығына келгенде мұның бәрі бекер әңгіме.
Олай дейтінім, Сирияда жүрген бір азамат дүниеде қазақтың бар-жоғын біле ме, жоқ па, ол жағы екіталай немесе арабтың бізге жаны аши ма, ашымай ма, ол да күмәнді.
Орыстың ойын көзіміз көріп отыр. Бүгінгі жағдайда қазақ тек өзіне ғана сенуі тиіс, өзінің білімін, бірлігін ғана арқа тұтқаны жөн және өзінің күш-қуатын тек өз ішінен, тарихынан, өзінің іскерлігі мен ақыл-ойынан іздеу керек.
«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп жазған Абай бабамыздың «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деген сөзі бүгінгі қазақтың нық ұстанымы болса екен деймін.
Бір қарағанда біздің елде барлығы дұрыс сияқты болып көрінеді. Заңдарымыз дұрыс жұмыс істеп тұрған сыңайлы, бірақ бір ғана әңгіме жетіспейді. Ол – шынайы саясат.
Біздің биліктің өзі қазаққа бір әңгіме, орысқа екінші әңгіме айтады. Бұл – үзілді-кесілді қате насихат. Мәселен мен осы күнге дейін Ангела Меркельдің немесе Владимир Путиннің орысқа бір әңгіме айтып, башқұртқа екінші әңгіме айтып отырғанын кездестірген жоқпын.
Немесе Меркельдің, Камеронның, Дэн Сяопиннің айналайын қытайларым, тоқтай тұрыңдаршы мен мына қазақтармен бір әңгімені шешіп алайын дегенін немесе Камеронның біз ұлы ағылшындармыз, қалғандары былай болсын деген әңгімесін естіген жоқпын.
Ұлттың да, мемлекеттің де әңгімесі бір болуы керек. Яғни, Қазақстанда қазақстандық ұлт деген жоқ, болуы мүмкін емес. Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол қазақ ұлты. Қазақ мемлекеті.
Яғни бұл жердің иесі, киесі, тағдыры, тарихы, дәстүрі, тілі-діні бұл – қазақ. Қазақ болған соң қалғандарын осыған сай үйлестіру керек, оның тәсілі көп. Ал мәселені о баста жаңағыдай қойыртпақтатқаннан кейін, басқа ұлыс азаматтарының қазақ тілін үйренуге, қазақ тілін құрметтеуге деген шын ниетін өз қолымызбен өзіміз өлтіріп жатырмыз. Бүгінгі күні қоғамды екіге бөліп жатқан ұлтшылдар емес, биліктің өзі.
Кеше ғана қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық, бұл той әлі де жалғасады деп отырмыз. Шынымды айтсам, еліміздің осынау ұлық меркесіне шын көңілмен қуанған орысты, украинды, немісті көрмедім.
Мемлекеттік дәрежеде өткізіп жатқан соң, ең болмағанда қасымызда отырып, «Құтты болсын, бұл елдің байырғы тұрғыны болмасақ та, осы елде тұрып жатқандықтан, ол – біздің де мейрамымыз», – деген бір де бір өзге ұлт өкілін көрген жоқпын. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Біз өзіміздің мемлекеттік этносаралық саясатымызбен өзге ұлт өкілдерінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін, парызын атүсті етіп, жойып жатқан сияқтымыз.
Айдос Сарым, саясаттанушы
Қазақ əдебиеті, 18 қыркүйек 2015 жыл