Қызылордада наурыз айындағы мерекелер қалай тойланады?

Ақтоты Жапатова 27 ақп. 2025 09:56 284

Қызылорда облысында наурыз айындағы мерекелерді кең көлемде атап өту мақсатында түрлі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов брифингте баяндады,- деп хабарлайды Dalanews.kz Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Наурыз айындағы мерекелер тек табиғаттың жаңаруы мен көктемнің келуін атап өтумен шектелмейді. Бұл мерекелер халық арасында достықты, сыйластықты және бірлікті нығайтуға, еліміздің мәдени мұрасын сақтауға бағытталған. Наурыз айында өткізілетін әрбір мереке өзінше маңызды және терең мағынаға ие.

Көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күні - биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуымен қатар келіп отыр.

"Бірлік пен ынтымақтастыққа 30 жыл» айдарымен біз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің мызғымас бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген мәңгілік сүйіспеншілігін одан әрі ұлықтауымыз қажет. Мерекелік іс-шаралар 25 ақпан – 2 наурыз аралығында ұйымдастырылады. Апта көлемінде облыс бойынша 200-ге жуық кешенді іс-шаралар облыс орталығымен қатар, аудандарда және барлық елді мекендерде өткізіледі. Негізгі іс-шаралар 1 наурыз күні Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған тақтаның ашылу салтанатынан бастау алады. Одан әрі аймақ басшысының қатысуымен салаттанатты іс-шара, гүл шоқтарын қою рәсімі, «Қайырымдылық қоржыны» акциясы ұйымдастырылады", - деді облыс әкімінің орынбасары.

8-наурыз Халықаралық әйелдер күнін мерекелеудің қалыптасқан дәстүрі аясында облыс көлемінде 173 іс-шара өткізілмек. Жұмысшы мамандықтарға басымдық беріле отырып, барлығы 50-ге жуық нәзік жандар қатысатын аймақ басшысының мерекелік қабылдауы 7 наурызға белгіленген.

Былтырдан бері елімізде «Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы» қабылданған. Соған сәйкес Наурызнама онкүндігі 14-23 наурыз аралығында өтеді.

"Биыл да Наурызнама онкүдігінде әр күнге арнайы тақырыптар бекітілді. Осы бағытта облыс көлемінде 103 іс-шара жоспарланса, оның 38-і облыстық деңгейде өткізіледі. 14 наурыз – «Көрісу күні - Амал мерекесі» атап өтуден «Наурыз» мейрамын тойлау бастау алады. 15 наурыз – «Қайырымдылық күні», 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», 17 наурыз – «Шаңырақ күні», 18 наурыз – «Ұлттық киім күні», 19 наурыз – «Жаңару күні», 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні», 21 наурыз – «Ынтымақ күні», 22 наурыз – «Жыл басы», 23 наурыз – «Тазару күні» наурызнаманың қорытынды күні жалпыұлттық экологиялық акция ұйымдастырылып, «Тазалық эстафетасы» басталады", - деді облыс әкімінің орынбасары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар