Қызылорда қаласында 49 жастағы Ержан Әзенов бір жарым жылдан бері ес-түссіз күйде жатыр. Ол 2024 жылдың жазында ауруханаға өз бетімен барғанымен, арада көп өтпей комаға түскен. Қазіргі таңда науқастың оянып кету-кетпеуін дәрігерлердің өзі нақты айта алмай отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро31-ге сілтеме жасап.
Марқұм емес, бірақ өмір мен өлімнің арасында жатқан азаматтың жағдайына байланысты медицина қызметкерлерінің әрекетін полиция тексеріп жатыр.
Жақындарының айтуынша, Ержан Әзенов ауруханаға өкпесіне суық тиген соң барған. Алайда алғашқы күндері оған шұғыл медициналық көмек толық көрсетілмеген. Тіпті денсаулығы нашарлап тұрса да, дәрігерлер оны үйіне жіберген. Отбасы осы шешім ауыр салдарға әкелді деп есептейді.
Қазір науқас көзін ашқанымен, ешқандай реакция білдірмейді. Жары күн сайын ауруханаға келіп, жолдасының даусын естіп, есін жиып кетеріне үміттенеді.
Марқұмның жұбайы Қарлығаш Сақтапбергенованың айтуынша, 2024 жылы күйеуі пневмония белгілерімен медициналық мекемеге жүгінген.
Оның сөзінше, ыстық әрі ауасы тар бөлмеде өзін жайсыз сезінген Ержан бір күннен кейін дәрігерден рұқсат сұрап, үйден ем қабылдауға кетеді. Алайда таксиге мінген сәттен кейін оның жүрегі бірнеше минутқа тоқтап, ми қызметі істен шыққан.
Сол күннен бері ол комада жатыр.
"Емделемін деп өз аяғымен барған адам осындай жағдайға түсті. Жүрегі 10–11 минут соқпай қалды, соның салдарынан миы зақымданды. Бүгінгі күнге дейін бір жыл жеті ай өтті. Сол күні неге дұрыс ем жасалмады? Ол адамды аман алып қалуға болатын еді ғой", - дейді Қарлығаш Сақтапбергенова.
Ал медициналық мекеме өкілдері көрсетілген көмектің стандартқа сай болғанын алға тартады.
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Бержаппарованың айтуынша, науқас түскен кезде тексеруден өтіп, пневмония диагнозы қойылған.
"Науқастың шағымдары мен тексеру нәтижесіне сәйкес терапия бөліміне жатқызылып, пульмонолог дәрігер қарады. Барлық ем-шара қолданыстағы медициналық стандартқа сай жүргізілді. Емде ауытқу болды дегенге негіз жоқ. Қазір де бір жарым жылдан бері бақылауда, бірақ оң динамика байқалмай отыр", - деді ол.
Аурухана басшылығы науқасты үйіне жіберуге рұқсат берген дәрігерге тәртіптік жаза қолданған.
Ал полиция аталған дерек бойынша «қызметтік міндетін тиісінше орындамау» бабы аясында тергеу жүргізіп жатыр.
Жақындарының айтуынша, Ержан Әзенов өмір бойы спортпен айналысқан, бұрын денсаулығына шағымданбаған. Қазір оның есін жиюын жары мен екі қызы күн сайын үмітпен күтіп жүр.
