Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мансапта көтерілуіне "марқұм ағасы Бердібек Сапарбаевтың ықпалы болды ма?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бердібек Сапарбаев ұзақ жыл түрлі өңірде әкім болды, Үкіметте де жауапты лауазымды қызметтер атқарған болатын.
"Қазақ қай кезде де үлкенді сыйлайды. Үлкенге қарап бой түзейді. Ол кісінің көп жақсы қасиетін үйрендік, әрдайым ақыл-кеңесін айтып жүрді. "Елге жұмыс жаса, таза жұмыс жаса, абыройға жұмыс жаса" деп үнемі ақылын-кеңесін беріп жүрді. Оны жоғары бағалаймыз. Елге жасаған қызметін әлі күнге дейін айтып жүр. Біз де сол кісі сияқты жұмыс жасағымыз келеді. Артымызда дұрыс із қалдырғымыз келеді.
Бірақ ана кісіге хабарласып, мына кісіге хабарласып, "мынандай қызметке қой" деп айтқан емес. Бірақ, әрине, ол кісінің тәрбиесін алып өстік. Қазір де ол кісінің айтқан сөздері алдымыздан шығып жатады", - деп жауап берді шенеунік "Жетінші арнаға" сұхбатында.
Айта кетейік, марқұм саясаткер Бердібек Сапарбаев 2022 жылы 7 сәуірде Жамбыл облысының әкімі қызметінен кеткен болатын. Бұл күні екі ағайындының бірі - Бердібек Сапарбаев облыс әкімі қызметінен кетсе де, өзге өңірде інісі Нұрлыбек Нәлібаев дәл осындай қызметке келді.
2020 жылы 7 сәуірде Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жаңа әкім болып тағайындалды.
Нәлібаев 1976 жылы 13 қазанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев та Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, Нұрлыбек Нәлібаевтың әкесі - Нәлібаев Машбек Сапарбайұлы, анасы - Нәлібаева Бибіш Нұрманқызы. Бердібек Сапарбаевтың да әкесі Нәлібаев Мәшбек Сапарбайұлы екені, ал анасы - Нәлібаева Бибіш екені көрсетілген. Демек, Сапарбаевтар бір-біріне туған ағалы-інілі болып келеді.