Қызылорда облысының әкімдігі жеке меншікке өткен "Қайсар" клубына 850 млн теңгеден астам қаржы бөлмек

Қаракөз Амантай 18 ақп. 2026 17:11

Қызылорда облысының әкімдігі жеке басқаруға өткен "Қайсар" футбол клубын қаржыландыруды жалғастырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Bed.media ақпарат агенттігінің мәліметінше, өңір билігі клубтың қызметін қамтамасыз ету үшін бюджеттен шамамен 858 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл бойынша тиісті тендерді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы жариялаған, өтінімдер 19 ақпанға дейін қабылданады. Бөлінетін қаржы клубтың толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталады.

Атап айтқанда, командалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізу, Қазақстан Премьер-лигасы, Екінші лига біріншілігі және Қазақстан кубогына қатысу, спорттық форма, тамақтану, медициналық қызмет және сақтандыру, ойыншылар мен қызметкерлердің жалақысы, сыйақылары мен іссапар шығындары, әкімшілік шығындар, коммуналдық қызметтер, жанар-жағармай және кеңсе шығындары қарастырылған.

Сондай-ақ команда мен жаттықтырушылар штабына көлікпен қамтамасыз ету және Қазақстан футбол федерациясының талаптарын орындау да осы қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айының соңында "Қайсар" клубы жеке басқаруға өткен еді. Клубтың жаңа жетекшісі – қызылордалық кәсіпкер Исламғали Қозбақов. Ол клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға шамамен 12 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove