Қызылорда облысында “әділетсіз” деп танылған компанияға тендер берілген

Қаракөз Амантай 27 там. 2025 11:41

Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы алдымен мердігерді «әдiлетсіз қатысушы» деп танып, артынша оған тендерді берген. Бұл туралы Жоғарғы сот мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шиелі ауданындағы бір мектепке асхананы ұйымдастыратын жеткізуші іздестірілген. Байқауға қатысқан жеке кәсіпкердің өтінімі еңбек ресурстары жеткіліксіз деген себеппен қабылданбаған. Алайда кәсіпкер конкурс құжаттарына сай төрт аспаз бен тағы төрт қызметкері бар екенін растайтын құжаттарды ұсынған.

Кәсіпкер облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасын сотқа берген. Сот процесі кезінде байқауда жеңімпаз атанған ЖШС-нің бұған дейін мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айырылғаны белгілі болды.

“Бұл шешім қорытынды хаттамаға қол қойылғанға бір апта қалғанда заңды күшіне енген. Айта кетерлігі, ол істі қозғаған да осы мемлекеттік сатып алу басқармасының өзі… Сот жеке кәсіпкердің өтінімін қабылдамау заңсыз деп тапты”, – делінген хабарламада.

Нәтижесінде мектеп пен ЖШС арасындағы мемлекеттік сатып алу шарты жарамсыз деп танылды. Сот өңір әкіміне тиісті шаралар қабылдау туралы жеке ұйғарым жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар