Қытайды Қазақстанның дәрілік шөптері қызықтырады

Dalanews 15 мам. 2016 08:38 741

Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басшылық ететін ҚР Үкіметі жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия назарына!

Мәселе өте өзекті! Жер мәселесінің саяси тұстарынан бөлек, комиссия мүшелері ерекше маңыз бере қарайтын бір нәрсе ескерусіз қалып отыр.

Бұл – Қазақстандағы дәрілік, емдік өсімдіктерге қатысты. Қазіргі таңда Қазақ жерін – «бос жатқан жер» деп біржақты қарау үстем болып тұр. Сол «бос жатқан» жерде нешетүрлі емдік және дәрілік өсімдіктер бар. Бір ғана мия өсімдігі соңғы бірнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, Қытайға сатылуда. Қытай әлемдік фармацевтика саласында ұлы төңкеріс жасап жатыр. Ненің есебінен? Негізінен Қазақстан, Моңғолия секілді елдердің табиғи дәрумендерге бай дәрілік өсімдіктерінің есебінен!

Қазақстанның дәрілік өсімдіктерінің есебін алып, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтап, отандық фармацевтикаға орайлы пайдаланып, табиғи байлығымызды дұрыстап игерудің кешенді бағдарламасы бар ма?!. Егер осы сала дұрыс жолға қойылса – миллион гектарлап егін екпей-ақ Қазақстан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болар еді ғой!

Менің қаупім – «бос жатқан» жерлердегі дәрілік және емдік шөптердің, өсімдіктердің бірінші кезекте «шетелдік инвесторлардың» оңай олжа табатын саласына айналып кете ме деген мәселе! Бір күнгі арзан табыс үшін біздің кейбір азаматтарымыз сол байлықты асқан жыртқыштықпен түп-тамырымен жойып, сатып жатыр. Осыған мемлекеттік тосқауыл қойылуы қажет!

Үкіметтік комиссия осы мәселеге айрықша назар аударса деймін. Тиісті мамандардан сарапшылар тобын жасақтап, Парламентке «Қазақстанның дәрілік өсімдіктерін қорғау туралы» Заң жобасын әзірлеп ұсынуды қажет деп білемін.

 

Нұртөре Жүсіптің ФБ парақшасындағы жазбасы






Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар