Қытай көліктеріне қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынылды

Көркем Алдабергенова 14 қаң. 2026 16:30

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мұтәлі заманауи автомобильдер, оның ішінде қытайлық көліктер де қазақстандықтардың жеке деректерін жинайтын құралға айналуы мүмкін екенін айтты. Ол бұл туралы бүгін мәжіліс отырысында депутаттық сауалын жариялады,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда елде заңсыз тыңшылыққа қолданылуы мүмкін техникалық құрылғылардың айналымы іс жүзінде реттелмей отыр.

«Нарықта GPS-трекерлер, GSM-маяктар, мини-камералар, диктофондар және өзге де электронды құрылғылар еркін сатылып жатыр. Оларды интернет арқылы ешқандай лицензиясыз немесе сертификатсыз сатып алуға болады - банк картасы мен интернетке қолжетімділік болса жеткілікті», - деді Мұтәлі Мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, мұндай құрылғылар азаматтардың жеке өміріне және отбасы құпиясына қол сұғылмау жөніндегі конституциялық құқықтарына тікелей қауіп төндіреді.

Депутат Қылмыстық кодекстің 399-бабында тыйым салынғанына қарамастан, жасырын ақпарат жинауға арналған құрылғылардың кеңінен таралуы жалғасып жатқанын атап өтті.

Оның сөзінше, рейдтер барысында құқық қорғау органдары диктофоны бар қаламдарды, тұрмыстық заттарға жасырылған бейнекамераларды, көзілдіріктер мен флешкаларға орнатылған тыңшылық құрылғыларын тәркілеген.

«Алматыда, Теміртауда және басқа өңірлерде мини-камералар мен GSM-жүйелер тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ бұл - жекелеген ғана шаралар, ал нарық жұмысын жалғастырып, тіпті кеңейіп келеді», - деді парламентарий.

Әбутәліп Мұтәлі жаңа буын автомобильдеріне, соның ішінде қытай маркаларына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай көліктер шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді, ал бұл қазақстандықтардың деректерінің ел аумағынан тыс жерде өңделуіне әкеледі.

«Бұл - адамдардың қозғалыс бағыттары, пайдаланушы туралы мәліметтер және өзге де белсенділік. Іс жүзінде шетелдік компаниялар азаматтарымыздың қайда жүргенін бақылап, талдай алады», - деді депутат.

Сонымен қатар ол кейбір көліктердің жекелеген функцияларының қашықтан шектелген немесе өшірілген жағдайлары тіркелгенін айтты.

«Мұндай құрылғылардың қауіптілігі сыртқы түріне байланысты емес. Мұнда бастысы - бағдарламалық қамтамасыз ету мен оны пайдалану тәсілі. Тіпті заңды әрі сәнді құрылғы да жасырын түрде ақпарат жинауы мүмкін», - деді Мұтәлі.

Мәжілісмен халықаралық тәжірибеде мұндай электронды құрылғылар қатаң бақылауда болатынын - олар міндетті түрде сертификатталып, лицензияланатынын және азаматтық пен арнайы мақсаттағы техниканың ара-жігі нақты ажыратылатынын еске салды.

Оның айтуынша, кешенді реттеудің болмауы «кез келген азамат жасырын бақылаудың нысанына айналуы мүмкін» деген жағдай туғызып отыр.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, ол азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғауды күшейтуді, жасырын бақылау құрылғыларын сатуға міндетті сертификаттау мен лицензиялау енгізуді, сондай-ақ олардың айналымын ІІМ, салалық ведомстволар мен Бас прокуратураның қатысуымен бақылау тетіктерін әзірлеуді ұсынды.

Бұған қоса, Мұтәлі жаңа буын автомобильдерінің деректерін өңдейтін серверлер мен пайдаланушы аккаунттарын Қазақстан аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруды және олардың жұмысын ұлттық заңнамаға сәйкестендіруді ұсынды.

«Бізге жедел әрі кешенді құқықтық және бақылау тетігі қажет. Қазіргі жағдай қатты алаңдатады», - деп түйіндеді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove