Қырғыз президенті өз хатында бұл қайғы тек қазақ халқына емес, қырғыз жұртына да ортақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мұхтар Шаханов екі елге бірдей қадірлі тұлға, рухани ұстаз деңгейіне көтерілген азамат еді.
Садыр Жапаров ақынның қазақ пен қырғыз халықтарының арасындағы достықты нығайтуға зор үлес қосқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, оның Шыңғыс Айтматовпен арадағы бауырластық байланысы халықтар арасындағы рухани жақындастықтың символына айналғанын жеткізді.
Қырғыз көшбасшысы Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың өмір жолына тоқталып, оның әрдайым шындықты батыл айтып, ел мүддесін қорғауда табандылық танытқанын жазды. Ол кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да өз ұстанымынан айнымай, қоғамдағы маңызды мәселелерге белсенді араласқанын жеткізді.
Сондай-ақ, Садыр Жапаров ақынның қазасын тұтас түркі әлемі үшін орны толмас қасірет деп бағалады.
Хат соңында Қырғызстан президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына, ақынның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтқан.
Айта кетейік, отты ақын Мұхтар Шаханов 19 сәуірде 84 жасына қараған шағында өмірден өтті.