Қырғызстан парламенті өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады

Сағыныш Сардарова 25 қыр. 2025 12:18

Қырғызстан парламенті өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz қырғызстандық БАҚ-қа сілтеп.

25 қыркүйекте өткен отырыста депутаттар парламенттің өзін-өзі тарату бастамасын қолдап, дауыс берді. Қатысқан 89 депутаттың 84-і қолдап, ешкім қарсы болмаған.

Депутат Улан Примов баяндама жасаған. Оның айтуынша, шешім екі сайлау науқанының қатар өтуімен байланысты. Елде парламент сайлауы 2026 жылғы қарашаға, ал президенттік сайлау 2027 жылғы қаңтарға белгіленген.

Ал заңға сәйкес парламент өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін президент бес күн ішінде депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындауға тиіс. Алдын ала болжам бойынша сайлау 2025 жылғы 30 қарашада өтеді.

Бұл Қырғызстан парламентінің алғаш рет мерзімінен бұрын жұмысын тоқтатуы емес. 1994 жылы Жоғарғы кеңестің алғашқы құрамы өзін-өзі таратқан. 2007 жылы да парламент таратылды, ал 2010 жылғы сәуір революциясы мемлекет басшысын да, депутаттарды да орнынан кетірді. 2020 жылы өткен парламент сайлауының нәтижелері де жойылған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар