Қымбат қонақүйлерге тұрақтап, жалған төлем жасаған астаналық алаяқ 3 жылға сотталды

Қаракөз Амантай 21 там. 2025 09:41

Астанада бес ай бойы бес жұлдызды қонақүйлерде достарымен бірге тұрып, қымбат мейрамханалардан ас ішіп, элиталық ерлер дүкендерінен киім сатып алып жүрген алаяққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокуратура мәліметінше, айыпталушы банктің атынан жалған төлем тапсырмаларын жасап, оларды банк қосымшасы арқылы жіберіп отырған. Алайда шотында нақты ақша болмаған. Қызмет көрсетуші тараптар төлем құжаттарының шынайылығын тексермей, оған тауар мен қызметтер көрсеткен.

Сотта мысал ретінде алаяқтың бірнеше күнге отель нөмірін брондап, достарымен бірге тұрып, ас-суға тапсырыс бергені айтылды.

"Қонақүй қызметкерлерінің сенімін пайдаланып, жалған төлем тапсырмаларын ұсынған. Соның салдарынан жәбірленушіге жалпы 4,4 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген", – делінген прокуратура хабарламасында.

Тергеу барысында анықталған жалпы шығын көлемі 8 млн теңгеден асқан.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке әлеуметтік желілерде әсер қалдыру үшін барғанын, өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсету мақсатында сәнді өмір салтын насихаттағанын түсіндірген.

Нәтижесінде сот оны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура азаматтарға алаяқтықтан сақтанып, кез келген төлем құжаттарының түпнұсқалығын уақытында тексеруге кеңес береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар