"Қиянат көрдің бе қабырғаңнан": Мөлдір Мұқанова зорлық-зомбылық құрбандарына ән арнады

"Қиянат көрдің бе қабырғаңнан": Мөлдір Мұқанова зорлық-зомбылық құрбандарына ән арнады
Мөлдір Мұқанова. Фото: instagram.com/moldir.mt

Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арнап "Солған гүл" атты ән шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өнер иесі жаңа туындысын қоғамдағы ауыр оқиғалардан кейін елге демеу, жапа шеккен жандарға жұбаныш болсын деген ниетпен ұсынғанын айтты.

Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желідегі жазбасында бұл тақырыпты біреудің қайғысын пайдаланып танымал болу немесе қандай да бір адамның өліміне қатысты айып тағу мақсатында көтермегенін атап өтті.

"Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба?" – деп жазды әнші.

"Солған гүл" әнінің сөзі мен әуенін Ерболат Қарақойшы жазған. Туындыны Мөлдір Мұқанова орындады.

Әнге түсірілген бейнежазбада тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған Салтанат Нүкенова мен Мадина Рашидованың, сондай-ақ адам ұрлау құрбаны Нұрай Серікбайдың суреттері пайдаланылған.

Туындының мәтінінде зорлық көрген әйелдердің ауыр тағдыры суреттеледі. Әнде «Қиянат көрдің бе қабырғаңнан», «Жаным деп жүргендер жаныңды алған» деген жолдар кездеседі.

Мөлдір Мұқанова бұл шығармасы арқылы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің тағдырына қоғам назарын аударуды көздеген.