Freedom Inside '26

Қазына қаржысы артты: бюджетке бес айда 11,4 трлн теңге түсті

Қазына қаржысы артты: бюджетке бес айда 11,4 трлн теңге түсті
ЖИ: Dalanews.kz

Жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне түскен кіріс көлемі жоспардан асып түсті. Қаржы министрлігінің мәліметінше, қаңтар-мамыр аралығында бюджетке 11,4 триллион теңгеден астам қаржы түскен. Бұл былтырғының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайыз көп, деп хабарлайды dalanews.kz.

“QZ Economy. Талдау” сарапшылары мұны елдегі экономикалық белсенділіктің сақталуымен және кәсіпкерлік қызметтің жандануымен байланыстырады.

“Республикалық бюджет кірістері де жоспардан жоғары орындалған. Жоспарланған 7,34 триллион теңгенің орнына қазынаға 7,41 триллион теңге түскен. Яғни, жоспар 66,7 миллиард теңгеге артығымен орындалды. Ал былтырғы бес аймен салыстырғанда республикалық бюджет кірісі 1,48 триллион теңгеге көбейген”, - дейді дереккөз 

Жергілікті бюджеттердің де түсімі артқан. Жедел деректерге сәйкес, олардың кірісі 4 триллион теңгеден асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 95,1 миллиард теңгеге немесе 2,4 пайызға өскен.

Республикалық бюджет кірісінің ұлғаюына қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС), пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және шикі мұнай экспортына салынатын кедендік баж түсімдерінің артуы ықпал еткен.

Бұл көрсеткіштер ел экономикасындағы оң үрдістердің сақталып отырғанын аңғартады. Сонымен қатар әлемдік нарықтағы қолайлы жағдай мен салық жүйесіндегі өзгерістердің де әсері байқалады.

“Жылдың алғашқы бес айындағы нәтижелерді тұрақты үрдістің қалыптаса бастағанының белгісі деуге болады. Әлеуметтік желілердегі түрлі күмәнді болжамдарға қарамастан, экономиканың негізгі көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр”, - деп атап өтті дереккөз. 

Сәйкесінше, жүргізіліп жатқан салық реформасы өз тиімділігін дәлелдей бастағанын байқауға болады. Экономикалық белсенділіктің артуы бюджет кірісінің өсуіне мүмкіндік беріп, мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.