Қазір ақпараттық гигиена қалыптасуда – Асқар Омаров

Dalanews 20 жел. 2022 13:53 765

Бүгінде өзіндік ақпараттық немесе контенттік бағыт құру мүмкіндігі артып келеді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров Орталық Азия медиафорумда айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Ақпараттар ағыны артқан кезде бұқаралық ақпарат құралдары да көбейе түседі. Өзіндік ақпараттық немесе контенттік бағыт құру мүмкіндігі артып келеді. Бүгінде бүкіл бір редакцияны ұстап отырудың қажеті жоқ.

Өзің үшін қандай да бір бос кеңістік тауып алып, сол бағытта жұмыс істеу қажет. Соған орай ақпарат ағыны да арта түседі.

Егер 90-жылдардың басында қолданушы күніне 20-30 хабарлама алса, бүгінде ол 2-3 мың ақпарат алуы мүмкін. Сондықтан ол қателеседі, күмәнді ақпараттар да түсе бастайды.


Дегенмен, ерте ме, кеш пе бұл жайт тұтынушының ақпаратты таңдай бастауына алып келеді. Сол себепті медиасауат, ақпараттық гигиена қалыптасады, – деді Асқар Омаров І Орталық Азия медиафорумы барысында.

Спикердің атап өтуінше, бүгінде Қазақстанда және өзге де елдерде жоғары оқу орындарында, орта білім мекемелерінде медиасауат пәні енгізілген.

– Аудитория ақпарат көп болған сайын жалған ақпараттардың да көптеп шыға бастайтынын сезінеді және оған шынайы түрде әрекет жасайды. Пандемия фейкпен күресу қажеттігін көрсетіп берді.

Егер бұған дейін фейкпен және күмәнді ақпаратпен қалай күресеміз деп келсек, пандемия кезеңі фейкпен күрес маңызды екенін көрсетті. Күресіп қана қоймай, оның алдын алу қажеттігін байқатты, – деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар