«Қазына» би ансамблі Елбасы қоры сыйлығын иеленді

Dalanews 10 нау. 2017 14:48 707

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Халықаралық, республикалық би фестивальдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанып жүрген «Қазына» би ансамблі мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері атанып, 2017 жылғы 3 наурыз күні Астана қаласындағы Назарбаев орталығында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне қатысып қайтты.

«Елбасы алғысын арқалаған Оңтүстік өнерпаздарының айрықша марапаты өңірімізде тынбай талаптанып, қыруар еңбекпен ізденген би ұжымының көп жылдардағы жемісті жетістігі»-деп, атап өткен ОҚО мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Шарафиева Ғалия Аликенқызы Республика бойынша аталған қорға жалпы 127 өтінім түсіп, оның ішінде 18 түрлі мамандық иелері марапатталғанын мәлімдеді. Президент қорының арнайы төсбелгісі және арнайы сыйлығы - «Қазына» би ансамблінің мүшелері Тимур Ибрагимов, Виктория Урозаева, Руслан Саитов, Даниил Нугманов, Айгерім Жолдыбаева, Екатерина Коваленко, Гүлнар Сатаева және Қуаныш Бестембаевтарға табысталған болатын.

Баспасөз жиынында арнайы сөз алған «Қазына» би ансамблінің мүшесі Р.Саитов «Елбасы қорының арнайы сыйлығы - ең бірінші кезекте Оңтүстік өңіріміздің жетістігі болып саналады. Қазіргі күнде 80-нен аса би қойылымын сахналап үлгерген біздің ұжым, еңбегін одан әрмен жандандырып, ізденіспен қорын байыта беретініне сендіргім келеді» деп, өз әсерімен бөлісті.

Аталған би ұжымына ҚР мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Әжібекова Зәуре Бекембайқызы жетекшілік етеді. Шығармашылық шыңынан көптеген жетістіктерімен көрініп жүрген «Қазына» би ансамблі 2016 жылы Халықаралық «Розы Казахстана» би фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алып, Болгарияда өткен Халықаралық «Витоша» би байқауында II орынға ие болды.Сонымен қатар Аустрия Республикасында 73-ші рет ұйымдастырылған Еуропадағы ең iрi "Villacher Kirchtag" халықаралық фольклорлық фестивалiне Қазақстан Республикасы тұңғыш рет қатысып, еліміздің атынан Оңтүстік Қазақстан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның "Тұмар" фольклорлық және "Қазына" би ансамбльдері қазақтың ұлттық өнерін паш етіп қайтса, 2017 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Халықаралық «Розы России-2017» би өнері байқау-фестивалінде «Қазына» би ансамблінің солистері

Г.Сатаева, Д.Нугманов, Б.Байбалашов «Жеке орындаушы» номинацияларымен бас жүлдеге ие болған болатын.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар