Қазығұртта газобетон блогын шығару ісі табысты іске асып жатыр

Dalanews 20 қар. 2018 05:27 671

Бүгінде Түркістан облысында құрылыс материалдарын шығару ісі қарқынды түрде іске асып келеді. Біздің бұл сөзімізге Қазығұрт ауданындағы «Отырабат-Құрылыс» серіктестігінің газобетон блогын шығаратын өндіріс орнының табысты жұмыс істеп жатқаны айқын мысал бола алады.

Бұл жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аудандағы индустриялды аймақта жүзеге асқан болатын. Кәсіпорын жылына 12 мың шаршы метр газобетон блогын шығаратын болады. Өндірісте алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялардың қолданылуы мен жоғары сапалы шикізаттың пайдаланылуының арқасында, зауыттың өнімі халықаралық стандарттардың ең жоғары талаптарына жауап береді.

Мұнда жылына 12 мың шаршы метр, яғни 336 мың дана газобетон блогы шығарылады. Құрылыста тиімді болып келетін бұл өнімнің ені 30 см, биіктігі 40, ал ұзындығы 60 см. Аталған кәсіпорынның өнімдері өңірде салынатын көпқабатты тұрғын үйлерде қолданылатын болады.

Өндіріс ошағы Қазығұрт ауданы мен көршілес жатқан аудандардың қажеттілігі үшін газобетон блогын шығаруда.

Қазіргі таңда Қазығұрт ауданындағы индустриалды аймақта жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асты. Өңірлерде кәсіпорындар ашылса, салық түсіп, ел бюджеті молайып, халық тұрақты жұмыс орындарымен қамтылатыны белгілі.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар