2026 жылдың басынан бері «Қазгидромет» ауа райын болжау кезінде жасанды интеллект элементтері енгізілген цифрлық технологияларды пайдаланып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, синоптиктер қазіргі таңда Weather Research and Forecasting (WRF) сандық моделін қолданады. Аталған жүйе алдағы 48 сағатқа және 10 тәулікке дейінгі мерзімге ауа райы болжамын жасауға мүмкіндік береді.
Әлібек Қуантыровтың сөзінше, 1 қаңтардан бастап кеңістіктік ажыратымдылығы 2 шақырым болатын модель әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің суперкомпьютерлік орталығының базасында жұмыс істеп тұр. Ал 1 наурыздан бері ажыратымдылығы 6 шақырым болатын болжамдар Астанадағы ұлттық суперкомпьютердің қуаты арқылы әзірленуде.
Министр жаңа технологияларды енгізу агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдардың дәлдігін арттыруға ықпал етіп отырғанын атап өтті.
«Бұл шешімдер дауылды ескертулердің сапасын жақсартып, мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен халықты табиғи құбылыстар туралы дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді», – деді Әлібек Қуантыров.