Қазақтың тұтас болмысын үлгі тұтамын – Асылы Осман

Dalanews 20 қаз. 2022 08:46 1473

Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан халықы Ассамблеясының белсенді мүшесі Асылы Османованы әңгімеге тартып, сұхбат алған еді. Асылы апамыз өз сұхбатында әдеттегідей еліміздегі ұлтаралық татулықтың қалыптасуына мемлекет құраушы халық қазақтың қосып отырған үлесі жайындағы ойын ортаға салды.  

 

– Қазақ Сізді «Асылдардың сынығы – Асыл апайымыз» дейді сыртыңыздан. Сізге үнемі тілеулес болып жүреді. Қазір халіңіз қалай?

– Оны бiлем, шырағым. «Қазақ барда – мен бармын» дейтінім де сондықтан. Осыдан біршама уақыт бұрын осы аттас кiтабым жарық көрген болатын. Мен де қазақтың тілеуін тілеуден жалыққан емеспiн. «Көкте – Құдай, жерде – түркi» деушi едi ғой бағзыда бабаларымыз. Мен Құдайдың қаһарынан қорқамын, қазақтын ұятына қалмайын деймін. Жағдайым – бірқалыпты. Шынымды айтсам, осы қазақ баспасөзіне сұхбат беруден қашатын болдым.

– Неге?

– Неге дерiң бар ма? Қазақ баспасөзі көтермейтiн мәселе кемшін. Бәрін айтудай-ақ айтады, жазудай-ақ жазады. Бірақ, соның көбі орындайлмай жатады. Менде талай рет ашық пікірімді айтты. Тілге қатысты көп сұхбат бергенімді білетін шығарсыңдар. Мені тілдің жағдайы қатты толғандырады. Сол себепті соңғы уақыттары тілшілерге сұхбат беруге зауқым соқпай жүр.

– Дегенмен де халыққа дуалы ауыздын ой-пiкiрi керек қой.

– Оны да түсінем ғой. «Тыңдалмаған сөз – жетім» дейді ғой халқымыз. Сөздiн жетiмдігінен өткен қандай жетесіздік керек. Бiз 30 жылда сөздiң қадірін қашырдық. Қазақтың бiр тiрегi – сөз болған. Оны ұмытпауымыз керек. Сөзді жетім күйге түсірмеу керек. Соңғы уақыттары Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымды дайындап, жүзеге асырып жатқанына хабарым бар. Бұл өзі дәл уақытында қолға алынға дүние болды деп есептеймін. Билік орындарының халықтың ой-пікіріне құлақ асатын кезі келді.

Әйтпесе, қазақтілді ақпарат құралдарына өкпе-ренішім жоқ. Бәрі сылайп, құрметтеп жатады.

– Жаныңызға қатты бататын мәселе не бiздiң қоғамдағы?

– Қазақтың кез келген мәселесi менiң жаныма батады, жүрегiмдi ауыртады. Мен үнемi өзге ұлттарға: «Алдымен қазаққа болсын, қазақ тоқ, қазақ қамсыз болғанда ғана Қазақстанда тыныштық, мамыражай тiрлiк болады» деймiн. Өз басым қазақтардың баспанасыз, жұмыссыз жүргенін құптамаймын. Кеңес заманында қазақтың тілі мен ділі талауға түскенін бәріміз білеміз. Сондықтан қазақтың мәселесі толық шешілді деп айта алмаймын.

– Қазақта ұлылар көп қой. Өзіңіз кімді үлгі тұтасыз?

– Мен қазақтың тұтас болмысын үлгі тұтам. Табиғатпен етене жаралып, тура сол табиғаттай еркiн де табиғи өмiр сүрген халықтың бойында үлкен дарын қуаты бар. Ақпейіл, ашық кұшақ, жұмылса – жұдырық, ашылса – алақан. Асан қайғыдан бастап, Махамбет, Абай, Ахмет, Мiржақыптардың кез келгенiн өзiме үлгі етемiн. «Алаш туы астында, күн сөнгенше – сөнбейміз» деген қазақы серт пен сенiмнiң тереңіне қайта үңiлу керек сияқты. Біз – мәңгi елмiз, бiздiң өлшемiмiз мәңгiлiк болуы тиiс.

– Бүгiнгi қазақтың қай мiнезi ұнамайды, сiзге?

– Маған қазақтың тұтас болмысы ұнайтынын айттым ғой. Десе де, бүгiн нарықтық жүйенiң қақпанына түсіп, тым ұсақталып бара жатқандаймыз. Есепшіл, бақай қулыққа үйірсек, өзгеге сенбейтін, өзiмiздi өзiмiз алдауға бейім болып бара жатқандаймыз...

Қазаққа қазақтың сенбеуi – қасірет. Мұншама кең жер, асты кеніш, үсті пейіш сахара – қазақтың пейiлiнiн өтеуі еді. Сол пейiлiмiз тарайып бара ма деп ойлаймын. Ашкөздiк бiр ұлттың тұтас табиғатына тән құбылыс емес. Әйтсе де бұл жұқпалы дерт. Тұтас қоғамды жемқорлықтын шырмап алуы сол дерттiн белгiсi болып жүрмесе екен...

Салық Зиманов, Қадыр мен Тұманбай, Мұхтарлары бар елдің әдебиеті мен мәдениеті ешкімнен кем емесi анық. Мықты тәртіп, ішкі мәдениетті қалыптастырудың бiлiм мен ғылымды дамытудың өзгеше пәрменi қажет сияқты.

Қазақстанда ұлт пен этнос өкілдерінің арасындағы теңдікті сақтау мен мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқының кеңдiгiнiң арқасында қол жеткiзiп отырмыз. Демек, әрқашанда мемлекет құрушы ұлттың өзіндік орны ерекше екенiн жеткiзе айтып отыруымыз керек.

Бұлай дейтін себебім, кейде түрлі желеулер айтып мемлекет құрушы қазақ ұлтын ұлықтаудың орнына көлеңкеде қалдырып, Қазақстандағы көп этностың қатарына қосатындар да бар. Бұлай еместігіне үнемі төменде баяндайтынымдай дәйектер келтiрiп келемiн.

Қазақ ұлты – Қазақстандағы көп этностын бiрi емес. Оның аты мемлекетке берiлген мемлекет құрушы – ұлт. Ал этнос өкiлдерi бiздер тағдыр талайымын әр кезеңдерде келіп, тұрақтап қалған – диаспорамыз. Бiздер бұрынғы КСРО-ның Қиыр Шығысынан, басқа да өлкелерінен, Кавказдан жер аударылғандар, тың көтеру кезiнде келгендермiз. Қазақ – бізге пана болған, төрін ұсынған, бір тілім нанын белiп берген халық.

Бәріміздің болашағымыз жарқын болуы үшiн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кемел саясатын ту етіп, тұрақтылығымыз бен берекемізді бекемдей күш ету – қазақ ұлтының айналасына топтасуға жеткізері анық. Қазақ мемлекетiне деген құрмет қазақ тілін құрметтеуден бастау алмақ. Мұны осы елде тұратын барлық ұлттардың өкілдерi түсiне бiлуi қажет. Түсiнбегенге түрлі жолдармен жеткiзе, санасында сайратудың еш сөкеттігі жоқ. Бұған Ассамблея барынша батыл үн қатып, араласуы тиiс. Кезiнде мұны менiң жеке пікіріме санап, мән бермейтiндер болған.

Қазір Ассамблея мүшелері бұл ойымды толықтай құптайтына сенімдімін. Мен бұл ойымды еліміз тәуелсіздік алғаннан бері сұхбат алған барлық басылымдардың бетiнде, телеарналарда үнемі айтып келемін. Кез келген газеттің тігіндісін ақтарғандар осы нақты пікірімді таба алады.

Дегенмен, бұл күнде мемлекеттік тілге қатысты көздеген мақсатым толықтай жүзеге аспасада әжептәуір бетбұрыс бар. Бүгінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге құлшыныс бiлдiрушiлер қатары көбейiп келедi. Мемлекеттік қызметтегілер қазақ тілінде сәлемдесіп, жөн-сұрасуға жарап калды. Бұл да бiр жетiстiк. Ал Ассамблея мүшелерi арасында мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер кемде кем. Мемлекеттік тілді үйренемін деушiлерге барлық жағдай жасалған.

– Екi сөзiңiздiң бiрiн қазақ туралы. Қай ортада жүрсеңiз де қазақ мүддесін ашық қорғайсыз. Бұған өзге этностар, өзiңiздiн әзірбайжан бауырларыңыз қалай қарайды?

– Мені өзгенiң реніш-өкпесi қызықтырмайды. Басқа ұлттың бәрiн құшағына сыйдырып, барша шарт-жағдай туғызып отырған қазақтың реніші болмаса екен деймін. «Қазақ, қазақ деп қақылдағаннан не таптың? Сенсiз де өз мәселелерін өздерi шеше алады» деген өзге ұлттар да, қазақтар да кездестi. Бiрер адам үшін тұтас ұлтты жек көру – көрсоқырлық. Мен ондайларды елемеймiн. Мен үшін қазақтың бақ жұлдызы биік болуы маңызды.

– Қазақтың қай әнiн сүйiп тыңдайсыз?

– Халық әндерін. Шіркін-ай, деймін кейде, кең сахараны жайлап, сал-серілерiн қадірлеп, ұлан өңірді қаншама ғасыр еркiн жайлаған. Әрбір әннің тарихы, мағынасы, әуезi кандай терең, тұнғиық. «Қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деп бекер айтпаған ғой. «Гауһартасты», «Балхадишаны», «Ахау керім» секілді әндерді тыңдаған адам қазақ өнерiне қалай ғашық болмайтынын түсінбеймін. Бүгінде сол әннің де қадiрi қашып бара жатқандай. Қазақты қазақ қылған өнерi едi. Соны ұмытпауға тиіспіз.

Әңгімелескен Анар САБЫРОВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар