Қазақты неге мәмбет дейсің?

Dalanews 31 қаз. 2016 06:14 748

«Шалақазақтар, біліп жүріңдер, тазақазақтар бізге бауыр емес» деген орыстілді қазақтың жазбасы — заңды құбылыс.

Бұл — орыс тілінің өрісі тарылып, қоғамның өзгерісіне қарсы тұра алмайтынын білгендегі соңғы ышқыныстағы жаман «жанайқай».

«Иә, біз «бір шаңырақтың астында өмір сүреміз дейміз», бірақ ой-пікіріміз де, мақсат мүддеміз де – екі басқа. Бұл — өте қауіпті құбылыс» — деп баға береді біздің медиа-порталға бөлектенген қазақтың бөлектеу жазбасына қатысты саясаттанушы Дос Көшім.

Дос Көшім

Бұл — біздің шаттанатын кезіміз…


— Соңғы уақытта Қазақ елінде тілдік белгісіне қарай, екі түрлі әлем қалыптасты. Бұлардың әрқайсысы өздерінің газет-журналдарын оқиды, теледидардан өздерінің хабарларын көреді. Еліміздегі саяси-қоғамдық оқиғаларға бұлардың беретін бағалары да екі түрлі. Мен соңғы үш жылда 8 облыста орыстілді аудиториямен 94 кездесу өткіздім. Сондықтан бұл — нақты айқындалған факті.

Булат Тарнуевтің мақаласы осы мәселелердің тереңге кеткенінің белгісі, көрсеткіші.
Бірақ оған ренжудің түк қажеті жоқ. Керісінше, бұл шаттанатын кез. Өйткені…

Соңғы уақытта еліміздегі тілдік жағдай өзгере бастады. Бұрын орта мектептерде оқитын (90-жылдары) оқушылардың 65 пайызы орыс тілінде оқыса, биылғы 1-сыныпқа барған балдырғандардың 89 пайызы қазақ мектептерінің есігін ашыпты. Демек, орыс мектептерінің бірінші сыныбына 11 пайыз ғана оқушы барған. Осылайша
орыс тілінің өрісі тарылып, қоғамның өзгерісіне қарсы тұра алмайтынын білгенде Булат Турнаев секілділердің осылайша ышқынуы да заңды құбылыс деп білемін.

Булат інімнің сөздері базардағы әйелдердің ұрысы сияқты, сондықтан нақты, дәлелді жауап беру мүмкін емес. Дегенмен, шамам келгенше, Булаттың әрбір пікіріне сай өзімнің ойымды білдіре кетсем деймін.

Болат інім, қазақ үшін «шалақазақ», «нағызқазақ» деген ұғым жоқ


Ал сондай терминді шығарғандар – ана тілін ұмытып, орыстілді болып кеткен қазақтар. Сол арқылы олар «қазақтар біздерді бөліп тастайды, кемсітеді» деген көзқарас қалыптастыруға тырысуда. Ана тілінен айрылу – кез келген адам үшін үлкен кемшілік, ал өзінің отанында отырып, ана тілін білмеу – шынында да, ұлттан бөлектену, ал өзінің мемлекеттік тілін білмеу – надандықтың белгісі. Алайда, ол – бүгінгі ұрпақтың кінәсі емес, сол уақыттағы ата-анаңның таңдауы – мен оны жақсы білемін, сол себепті қазақ тілін толық меңгермеген не әлі күнге дейін үйрене алмай жүрген қазақтарға түсіністікпен қараймын.

Екіншіден, «орыстілді, қалада тұратын шалақазақтар тазақазақтардан әлдеқайда ақылды… Қалалық жердегі қалталы кәсіпкердің бәрі шалақазақ. Бизнестегі байлардың арасында «нағызқазақтар» жоқ» деген сөздеріңмен келісе алмаймын. Байлық – ешқашан ақылдың белгісі болмаған. Біздің қоғамдағы байлық ақылды мен таза адамдардың қолында деу де бос сөз.

Орыстілді қазақтардың «бизнесте» көп болуының себебі тым қарапайым – үлкен «бизнес» әлі күнге дейін орыстілді, екіншіден, ұлт мәселесіне басын қатырғысы келмейтін жандардың, әрине ақша жасаудан басқа жолдары қалмайтын сияқты…

Қазақты неге мәмбет дейсің?


Ал «Мемлекеттік тілді меңгергені үшін ғана бұл «мәмбеттер» биліктен орын алды» деген пікіріңіз тіптен сын көтермейді.
Мемлекеттік қызметкерлердің ішінде орыс тілін білмейтін бір де бір адам жоқ. Керісінше, қазақ тілін көгертпей отырған солар.

Екіншіден, дүниежүзінің барлық елдерінде мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі – талассыз міндет, қажеттілік болып табылады. Әрине мемлекеттік қызметкерлердің барлығы, оның ішінде Президенттің өзі мемлекеттік тілді меңгергені үшін биліктен орын алады.

Айтпақшы, қазақты мәмбет дейсің.
«Мәмбет» дегенде көз алдыма ақылды да білімді, зілсіз күлкісі мен балалық ашықтығы, дархан көңілі арқылы нағыз зиялылықтың үлгісін көрсеткен Герольд Бельгер есіме түседі. Саған оның «мен қазақтың бірінші «мәмбетімін» деп басталатын мақаласын оқуға кеңес беремін.

«Мәмбет» болу үшін ондаған кітап жазып, кем дегенде үш тілді өзіңнің ана тіліңдей білу керек. Ол үшін ақыл мен парасат, азаматтық ұстаным керек. Сондықтан Сен «мәмбет» бола алмайсың ба деп қорқамын. Байқайсың ба, екі тілдік әлем бір сөздің өзін екі түрлі қабылдайтын деңгейге жетіпті.

8c026d5c0fe22278da949f53381c7c62

Біз ешкімге тиіспейміз!


«Қазақстанның осыншалықты құлдырауына нағызқазақтар кінәлі. Қазақстанды қазіргі күйге түсірген ақымақ әрі жалқау нағызқазақтар. Техникалық әрі ғылыми терминдерді түсінуге жол ашатын орыс тілін үйренбеуінің өзі олардың қаншалықты ақымақ екенін көрсетеді» деген пікірлермен жартылай келісемін.

Егер «нағызқазақтар» дегеніңіз ұлтшылдар мен зиялы қауым болса, бүгінгі экономикалы-әлеуметтік жағдайға біздің қатысымыз жоқ. Меніңше, елді осындай жағдайға жеткізгендер – сенің түсінігіңдегі «шалақазақтар» сияқты.

Орыс мектебін бітіргендер шетел асады, қазақ мектебін бітіргендерден маман шықпайды деуін де кезекті дәлелсіз, бос сөздер (биылғы алтын медаль алғандардың 99 пайызы қазақ мектебін бітіргендер).

Шетелде оқитын студенттердің көпшілігі – қазақ мектебін бітіргендер де, Ресейде оқитындардың 99 пайызы – орыс мектебін бітіргендер. Ресейдің оқу орындарын Англия мен АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарымен салыстырмай-ақ қояйық.

«Соған қарамай, бізге тиіседі» деген сөзіңе келісе алмаймын. Біз ешкімге тиіспейміз.
Түсінемін, орыс тілін ғана білетін қазақтар өздерін ыңғайсыз сезінеді, басқа қазақтар өздеріне сыни көзқараспен қарайды деп ойлайтын да болар.

Сондықтан «қорыққан бұрын жұдырықтар» дегендей, біздің айтпаған сөздерімізді айтты, ойламаған ойымызды ойлады деп түсінеді. Үлкен қателік.

Айтпақшы, қазақтардың 90 пайызы орыстілді екенін ұмытпайық. Сондықтан, егер «шалақазақ» деген сөз орыс тілін білетін адамдарға арналса, біздер де соның ішіндеміз. Қазақша білім алып, қазақ мектептерін бітірген жандардың барлығы – қостілді (билингв) адамдар, бұл біздің сендерден артықшылығымыз.

Сөз соңында, өздерін «шалақазақтар» деп атайтын жандарға (Шалақазақтар, біліп жүріңдер, нағызқазақтар біздің бауырларымыз емес») , оның ішінде Булат ініме айтатын сөзім біреу-ақ БІЛІП ЖҮРІҢДЕР, СЕНДЕР БІЗДІҢ БАУЫРЫМЫЗСЫҢДАР.

Менде саған деген аяушылық сезімнен басқа ештеңе жоқ.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы


ДЕРЕККӨЗkaz.365info.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар