Түркістан облысында полицейлер заңсыз көші-қон арнасын әшкереледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
11 қыркүйекте Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарында криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Топтың төрт негізгі ұйымдастырушысы мен олардың қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында олардың көрші елдерден келген азаматтарға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталған. Өздерінің "қызметі" үшін күдіктілер әрбір мигранттан 500 мың теңгеге дейін ақша алып отырған.
"Тінту кезінде шетелдік паспорттар, жалған құжаттар, электрон тасымалдаушылар және байланыс құралдары тәркіленді. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, яғни "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" және "Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту" бойынша соталды тергеп-тексеру басталды", - деді ІІМ өкілдері.
Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасын бұзудың кез келген дерегі жазасыз қалмайтынын ескертті.