Қазақтелеком Қостанай облысындағы ауылды оптикамен қамтыды

Dalanews 05 жел. 2025 14:10

«Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртудың стратегиялық бағдарламасы аясында ауылдарда талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) төсеу жобасын іске асыруды жалғастыруда. Осылайша, Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының Әйет ауылы – оптикалық желімен толық қамтылған алғашқы аудан орталығы атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін аудан тұрғындары басқа да аймақтар секілді мыс байланыс желісін пайдаланып келген еді. Оның жылдамдығы 12 Мбит/с-тен аспайтын, енді GPON технологиясымен салынған оптикалық желінің қуаты 500 Мбит/с-қа жетеді. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңдікке қол жеткізудің тағы бір қадамы.

«Өзара серіктестік іс-қимыл бағдарламасы аясында екі ай ішінде Әйет ауылының 1200 шақты үй шаруашылығына GPON технологиясы бойынша оптикалық желі өткізілді.   Оның 993-і мыс желісі арқылы қызмет пайдаланып келген абоненттер. Бүгінде 800 абонент мыстан «оптикаға» ауыстырылды», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникация желілерін пайдалану және реконструкциялау қызметінің бастығы Михаил Полетаев.


Компания ауыл тұрғындарына 500 Мбит/с дейінгі жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігін ұсынды. Желінің мұндай өткізу қабілеті абоненттерге білім беру платформаларынан бастап ойын-сауық контенті, қашықтан жұмыс істеуге арналған қызметтерге дейінгі цифрлық және онлайн қызметтердің барлық спектрін ашады.

«Бұрын мыс байланыс желісін пайдалану кезінде мүмкіндіктер тым аз еді: бейне қоңыраулар үзіліп, Smart TV тұрақсыз жұмыс істейтін, енді бұл шектеулерді толығымен жойдық. Оптика арқасында ауыл тұрғындары фильмдер мен сериалдарды жоғары сапада тамашалай алады, заманауи бейне сервистерді пайдаланып, мысалы, ТВ+ қосымшасындағы Disney сервисі», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік өңірдегі В2С сегментінің коммерциялық директоры Алена Ляпунова.


Кабельді абоненттің пәтеріне дейін өткізетін GPON технологиясының артықшылығы сол – клиентті жоғары жылдамдықты, әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз етеді.  Интернет желісіне талшықты-оптикалық қол жетімділік бір уақытта бірнеше қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді: цифрлық телевизия, ТВ+ платформасы, интернет және IP телефония. Сонымен қатар, бірден бірнеше құрылғыны қосқан кезде де деректерді беру сапасы нашарламайды, жылдамдығы тұрақты, жоғары. Клиент өз қалауына қарай өзіне ең оңтайлы тарифті таңдай алады. 

«Көлемді бейнелер мен фотоматериалдармен жұмыс істеймін. Бұрын клиентке бейнеролик жіберу үшін бір күн қажет болатын. Қазір бұған көлеміне байланысты 10-15 минут жетіп жатыр. Сондай-ақ барлық ұсынылған қызметтер пакетін қостық. Шапшаң интернет, ұмытыла бастаған телеарналарды көріп, SIM карталарын және үй телефонын қолданамыз. Қазір барлық мүмкіндіктердің қызығын еш шектеусіз көріп отырмыз. Әзірге бірінші төлем жасаған жоқпыз, шамамен бір айға 12-15 мың шығады екен. Мұндай ыңғайлы сервистер үшін арзан баға», - деп Әйет ауылының тұрғыны Александр Корякин оң бағасын берді.

Әйет ауылының жаңа абоненттерін оптикалық желіге қосу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар