Қазақстанның сыртқы қарызы кейінгі үш жылда 12 пайызға өсіп, 18,9 млрд долларға артқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдің сыртқы қарызы 181,7 млрд доллар болған.
Оның ішінде мемлекеттік басқару органдарының үлесі 2023 жылғы 7,9 пайыздан 9,1 пайызға дейін өскен. Қазір бұл көрсеткіш - 16,5 млрд доллар.
Банк секторының сыртқы қарызы да айтарлықтай артқан. Үш жыл ішінде олардың үлесі 6,5 пайыздан 10,3 пайызға дейін көтеріліп, қарыз көлемі 10,6 млрд доллардан 18,7 млрд долларға жеткен.
Басқа секторлардың қарызы 26,6 пайыздан 31,3 пайызға дейін өсіп, 56,8 млрд доллар болған.
Ал фирмааралық берешектің үлесі керісінше төмендеген. 2023 жылы ол 93,8 млрд доллар болса, биыл 87,1 млрд долларға дейін азайған.