Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы өмірден өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміз қайтыс болды деген қаралы хабар менің де жаныма қатты батты. Жуырда ғана Рәтбек ұстаздың үйінде болып, ахуал сұрасып, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын. Иманы өзіне серік болсын. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, еліміздегі барша мұсылман қауымына көңіл айтамын. Марқұмның мәңгілік мекені жәннат болғай. Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан аса мешіт салдыруға ықпал етті", - деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, 1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. ҚМДБ Ташкенттегі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (САДУМ) бөлініп, дербес Діни басқарма болды. ҚМДБ-ның алғашқы төрағасы, бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды.
Рәтбек қажы 2000 жылға дейін Діни басқарманы басқарған.
