Қазақстанның төрт облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы және құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.
"Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында қалған су басқан аула аумақтарынан су сору жұмыстары жалғастырылуда. 128 170 текше метр су сорылды.
Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында, Индер ауданының Индербор кентінде, Махамбет ауданының Жалғансай ауылында су басқан аумақтардан 173 179 текше метр су сорылды. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. 5 400 қап және 380 тонна инертті материалдар төселді. Жалғансай ауылында қорғаныс бөгеттерін нығайту және салу жұмыстары жалғасуда. Жалғансай ауылының барлық эвакуацияланған тұрғындары өз үйлеріне оралды", - делінген хабарламада.
Ал Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында 5 150 қапшық пен 164 тонна инертті материал төселді. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғастырылуда.
"Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында қуатты жылжымалы сорғы станцияларының көмегімен саяжай үйлерінен еріген қар суын сору жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Өткен тәулікте және түнгі уақытта 266 693 текше метр су сорылды.
Республика бойынша эвакуацияланған 61 860 адам өз үйлеріне оралды. 5 341 адам уақытша орналасу пункттерінде қалуда. 24,9 млн артық еріген қар суы су сорылды, 8 млн артық қапшық және 1,5 млн тонна инертті материал төселді", - деді ТЖМ.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 4 276 адам, 651 техника, 248 су сору құралы және 56 жүзу құралы, 4 әуе кемесі жұмылдырылды.