Қазақстанның БҰҰ-дағы бітімгерлік бөлімшесінің әскери қызметшілеріне ай сайын 1 448 доллар төленеді, оған қоса 40 доллар қалта шығындары үшін беріледі, ал жыл соңында 345 доллар мөлшерінде демалыс ақысы қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Қорғаныс министрінің тәрбиелік және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев мәлімдеді.
“Әскери қызметшілерге ай сайын 1 448 доллар төленеді. Бұдан бөлек, қалта шығындары үшін 40 доллар қарастырылған. Ал жыл соңында 345 доллар көлемінде демалыс ақысы төленеді”, – деді Жазықбаев сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында.
Онда Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды және оған қосымша хат алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау мәселелері талқыланды.
Оның айтуынша, Қазақстанның БҰҰ-дағы бітімгерлік күштері бұл қаржыны ай сайын алып отырады. Әскери қызметшілерге санаторий-курорттық ем қабылдау құқығы тегін беріледі.
“Олар миссия құрамында болған уақыт әскери қызмет өтілі есебінде екі есе көп саналады”, – деп қосты Жазықбаев.