Қазақстанның банк секторына ірі араб банкі келмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank-ке елде еншілес банк ашуға рұқсат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа құрылым толыққанды әмбебап лицензиямен жұмыс істейді. Іске қосылғаннан кейін ол нарықта барлық негізгі банк қызметін ұсына алады.
Abu Dhabi Commercial Bank - БАӘ-нің ең ірі банктерінің бірі. Активтері 210 млрд доллардан асады, Fitch агенттігінен A+ рейтингі бар. Қазақстандағы еншілес банктің жалғыз акционері осы бас компания болады. Демек, жаңа ұйымның капиталы, стратегиясы мен операциялық қолдауын толықтай сол қамтамасыз етеді.
Сарапшылар бұл қадамды маңызды сигнал деп бағалайды. Себебі Қазақстанның банк секторына ірі ресурсы мен халықаралық тәжірибесі бар сыртқы ойыншы келіп отыр.
Сонымен қатар, жаңа банк дәстүрлі қызметтермен қатар, "исламдық терезе" арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр. Қазақстан үшін бұл бағыт кең таралмағандықтан, жаңа қатысушыны өзгелерден ерекшелеуі мүмкін.
Айта кетейік, қазір тек еншілес банк ашуға рұқсат берілген. Соған қарамастан, бұл қадамның өзі Қазақстанның қаржы секторы үшін елеулі оқиға саналады.
