Елдің алты аймағында ана өлімінің артқаны тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрліктің дерегінше, ана өлімінің ең көп жағдайы Ақмола облысында анықталған. Мұндағы көрсеткіш республикалық орташа деңгейден жеті есе жоғары.
Сонымен қатар аналар өлімі Жетісу, Жамбыл, Абай, Ақтөбе және Қостанай облыстарында да жоғары деңгейде қалып отыр.
“Ана өлімінің құрылымында ауыр экстрагениталды ауру 55% (10 жағдай), ал акушерлік себептер 45% (8 жағдай) құрап отыр. Осыған байланысты ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының мультидисциплинарлы топтары әрбір оқиғаны жеке-жеке талдап жатыр”, – деді министр.
Сондай-ақ Кызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында нәресте өлімінің өсімі тіркелген.
“Нәресте өлімінің себептері арасында алғашқы орында перинаталдық кезеңдегі асқынулар (47,7%), екінші орында – туа біткен даму ақаулары (19,6%), үшінші орында – тыныс алу жүйесі аурулары (7,6%) тұр”, – деп нақтылады Әлназарова.
Үй жағдайында болған өлім-жітім де алаңдаушылық тудырып отыр: Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш ел бойынша орташа деңгейден екі есе жоғары.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдарды қосымша қаржыландыруды қарастыруға шақырды. Қаражат медицина қызметкерлерін жеткілікті қамтуға, олардың біліктілігін арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жүкті әйелдер мен балаларға арналған көлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ осал топтағы әйелдерге контрацептивтер ұсынуға қажет.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың алғашқы бес айында ел көлемінде ана мен нәресте өлімінің жалпы төмендеуі байқалған. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, осы кезеңде нәресте өлімі 26,3%-ға, ал ана өлімі 9,7%-ға азайған.