Қазақстанның 11 қаласында ауа ластануы жоғары деңгейде сақталып отыр

Самал Асқар 14 ақп. 2026 11:59

Елдің 11 қаласында атмосфералық ауаның ластану деңгейі тұрақты түрде жоғары күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, ең проблемалы қалалар қатарында Алматы, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Ақтөбе және бірқатар өзге өңірлер бар.

Министрлік қоршаған ортаға түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайту жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі таңда 21 ірі кәсіпорында үздік қолжетімді технологиялар енгізіле бастады, тағы 22 өтінім қаралуда. Сонымен қатар 22 энергия өндіруші нысанды жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген.

Сонымен бірге шығарындылардың едәуір бөлігі шағын көздерден қалыптасады. Алматыда ластанудың шамамен 60% көлік құралдарына, 12%-дан астамы жеке сектор мен шағын қазандықтарға тиесілі. Мұндай жағдай өзге ірі қалаларда да байқалады.

Халықаралық тәжірибені, соның ішінде Бейжің үлгісін ескере отырып, министрлік әкімдіктерге 2026–2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі өңірлік ережелер әзірлеуді тапсырды. Құжаттарда жеке секторды газдандыру, қатты отынды пайдалануды шектеу, қоғамдық көлікті электр және газға көшіру, сондай-ақ экологиялық аймақтандыру шаралары көзделуі тиіс.

Бұдан бөлек, өңірлерге ластану бойынша жиынтық есептерді жеделдету, қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерін айқындау және ауаны қорғау саласындағы стратегиялық құжаттарды бекіту тапсырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove