Қазақстаннан Ресейге бет алған “Газель” көлігінен 34 ұшқышсыз ұшу аппараты мен бір квадрокоптер табылды. Оларды ресейлік “Сагарчин” шекара бекеті маңында кеден қызметінің мобильді тобы анықтаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
РФ Федералдық кеден қызметінің мәліметінше, “Газельді” тексеру барысында FPV-дрондар табылды.
“Олар бейнені онлайн-режимде жеткізетін камералармен жабдықталған, бөлшектелген күйде болған. Сондай-ақ екі FPV-қанат “Ключ-Фортуна” да анықталды. Ал тауарға ілеспе құжаттарда дрондар туралы ешқандай мәлімет көрсетілмеген”, – делінген кеден қызметінің хабарламасында.
Жүкті алып жүрген ер адам дрондардың өзіне тиесілі екенін айтып, оларды жеке бейнетүсірілім үшін пайдаланатынын жеткізген.
“Алдын ала сараптама барысында екі аппараттың жүк салмағы бес келіге дейін жететін ұшақ типтес дрон екені, біреуінің барлау мақсатындағы дрон екені, ал жиынтықтары 32 шағын ұшу аппаратын құрастыруға мүмкіндік беретіні және олардың конструкциясы жүк тастауға бейімделгені анықталды”, – деп көрсетілген хабарламада.
Барлық дрон бөлшектері тәркіленді, қазір сараптама тағайындау мәселесі қаралып жатыр.
Кеден қызметінің мәлімдеуінше, мұндай көлемдегі дрондар жеке мақсатқа арналуы мүмкін емес, әрі олар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.