Қазақстандықтарға Эбола безгегі тіркелген Африка елдеріне бармауға кеңес берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандардың мәліметінше, Эбола – өте қауіпті әрі ауыр өтетін вирустық аурулардың бірі. Вирус адамға ауру жұқтырған жануарлардан немесе науқас адамдардан берілуі мүмкін. Ол қан, биологиялық сұйықтықтар және вирус жұққан заттар арқылы таралады. Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылады.
Эбола безгегінің негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас және бұлшықет ауруы, құсу, іш өту, теріге бөртпе шығуы және қан кету.
Ал ауру тіркелген елдерге баруға мәжбүр азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтау ұсынылды. Атап айтқанда, жабайы жануарлармен, оның ішінде приматтар мен жарқанаттармен байланысқа түспеу, жабайы аңдар сатылатын базарларға бармау, тек қауіпсіз ауыз су пайдалану және толық термиялық өңдеуден өткен тағамдарды тұтыну қажет. Сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтау маңызды.
Мамандар шетелден оралғаннан кейін 21 күн ішінде дене қызуы көтеріліп, бас ауруы, бөртпе, құсу, іш өту секілді белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралып, жақында шетелде болғанын міндетті түрде хабарлау керегін ескертті.