Қазақстандықтардың банктердегі депозиттерінде жинаған қаражаты 30 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар елдегі депозиттердің долларлану деңгейі алғаш рет 20%-дан төмен түсіп, тарихи рекорд жаңартты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандардың мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында халықтың шетел валютасындағы салымдары айтарлықтай өзгермеген. Алайда ұлттық валютадағы депозиттердің тартымдылығы артқан.
Бұған теңге бағамының нығаюы мен депозиттер бойынша жоғары сыйақы мөлшерлемелерінің сақталуы әсер еткен. 2025 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусымына дейін базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде болды. Бұл өз кезегінде банктердегі салымдарды тиімді қаржы құралына айналдырды.
Сондай-ақ базалық мөлшерлеменің 17%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам салымшылардың белсенділігін арттырған. Көптеген азаматтар банктер сыйақы мөлшерлемелерін төмендетіп үлгермей тұрып, қаражатын бұрынғы тиімді шарттармен депозитке салуға асыққан.
Сарапшылардың айтуынша, халықтың теңгедегі жинақтарға деген сенімінің артуы қаржы нарығындағы маңызды оң үрдістердің бірі болып саналады.