Freedom Inside '26

Қазақстандықтарды жаңа тариф күтіп тұр ма? Энергетиктер өз есебін жариялады

Қазақстандықтарды жаңа тариф күтіп тұр ма? Энергетиктер өз есебін жариялады
pixabay.com

Қазақстанда электр энергиясының тарифі қазіргі деңгейден бірнеше есе өсіп, бір киловатт-сағат үшін 100 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мұндай пікірді Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ulys Media ақпараты бойынша, Астанада өткен «Орталық Азияның жылу энергетикасы» халықаралық форумында сала өкілі коммуналдық тарифтердің қазіргі жүйесі теңгерімсіз екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, тұрғындар үшін төмен тарифтің салмағын мемлекеттік ұйымдар көтеріп отыр.

«Қазір халық үшін төмен тарифтің құнын мемлекеттік ұйымдар төлеп отыр. Ұзақ уақыт бойы Шымкентте тұрғындар мен ұйымдар үшін жылу тарифінің айырмашылығы 17 есе болып келген еді. Енді жаңа “көшбасшы” – Қарағанды облысындағы Абай қаласы. Мұнда айырмашылық 21 есеге жетті. Яғни тұрғындар тұратын көпқабатты үй айына жылу үшін 4 мың теңге төлесе, дәл қасындағы мектеп миллиондаған теңге төлейді. Бұл қаражат білім беру сапасын жақсартуға немесе басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалуы керек еді. Бірақ іс жүзінде көрші тұрғын үйдің төмен тарифін субсидиялауға кетіп жатыр», – деді Сергей Агафонов.

Оның пікірінше, бұл айырмашылықты жою үшін тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру қажет. Әсіресе, өзгеріс электр энергиясынан басталуы тиіс.

«Біз электр энергиясының тарифі ең төмен 27 елдің қатарына кіреміз. Қазақстандағы электр энергиясының бағасы әлемдік орташа деңгейден шамамен үш есе төмен», – деді қауымдастық төрағасы.

Сергей Агафоновтың айтуынша, Қазақстандағы «әділ тариф» бір киловатт-сағат үшін 100 теңге болуы керек.

«Қазақстандағы электр энергиясының тарифі 100 теңге болуы тиіс. Бұл – осы ресурстың нақты құнына сәйкес келетін әділ тариф», – деді ол.

Форум барысында сарапшы тарифтердің инфляцияға әсері туралы пікірге де тоқталды. Оның сөзінше, тарифтердің өсуінің инфляцияға ықпалы асыра бағаланып отыр.

«Статистика үшін табиғи монополиялар қызметінің қымбаттауын есептеу әлдеқайда оңай. Ал дәл сол уақытта айтарлықтай қымбаттап кеткен картоп сияқты тауарлардың әсерін есептеу күрделірек», – деді Агафонов.

Сондай-ақ ол тарифтерге мораторий жариялау мәселені шешпейтінін айтты.

«Тарифтерді уақытша тоқтату мәселені кейінге шегереді. Соның салдарынан кейін өсім одан да жоғары болады. Яғни тариф 10 пайыз емес, 15 пайызға өседі. Бұл – өте қарапайым нәрсе. Жарты жылдық мораторийден кейін де осы салдармен қайта бетпе-бет келеміз», – деді ол.

Энергетиктің пікірінше, тарифтің өсуі халықты энергияны үнемдеуге де ынталандырады.

«Екі жол бар: не жаңа энергия өндіретін қуаттарды салу, не электр мен жылуды үнемдеу. Екінші жол әлдеқайда тиімді. Тарифті көтермей тұрып, халыққа энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мүмкін екеніне мені ешкім сендіре алмайды», – деді Сергей Агафонов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк тарифтердің күрт өсуі инфляцияны қайта жеделдетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Сонымен қатар 1 шілдеден бастап елдегі 60 елді мекенде электр энергиясының тарифін қайта көтеру жоспарланып отыр.