Қазақстандықтар есту аппаратын енді мүгедектік мәртебесінсіз ала алады

Қазақстандықтар есту аппаратын енді мүгедектік мәртебесінсіз ала алады
pixabay.com

Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарды есту аппараттарымен қамтамасыз ету тәртібі өзгерді. Енді медициналық көрсетілім болған жағдайда пациенттер мүгедектік мәртебесіне қарамастан есту аппаратын ала алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін есту аппараттары тек мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санаттарына берілсе, енді сурдолог дәрігердің қорытындысы негізінде көмек алушылар қатары кеңейеді.

Жаңа жүйе аясында пациенттер есту аппаратын ғана емес, оны іріктеу, баптау, құлақ қалыптамасын дайындау, қолдануды үйрету және сервистік қызмет көрсету сияқты кешенді қызметтермен қамтылады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгеріс мыңдаған қазақстандықтың есту қабілетін уақытылы оңалтып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.