Қазақстанның автомобиль нарығында қытайлық брендтердің үлесі артып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Kolesa.kz мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында елде 121,2 мың жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатылған. Ең көп сұранысқа ие 20 модельдің жартысынан астамын Қытайда шығарылатын автомобильдер құрады.
Жекелеген модельдер арасында Chevrolet Cobalt көш бастап тұр. Жыл басынан бері қазақстандықтар осы модельдің 19 052 данасын сатып алған. Оның сатылымы екінші орындағы Hyundai Tucson көрсеткішінен екі есеге жуық жоғары. Аталған кроссовер 10 452 данамен өткен.
Үшінші орынға 6020 көлік сатылған Kia Sportage жайғасты. Ал алғашқы бестікті Changan CS55 Plus пен Hyundai Mufasa түйіндеді. Олардың сатылымы тиісінше 4687 және 3872 автомобильді құрады.
Брендтер рейтингінде Hyundai әзірге бірінші орында. Жеті айда компания 20 648 көлік өткізген. Chevrolet одан небәрі 241 автомобильге қалып, 20 407 данамен екінші сатыға орналасқан. Үшінші орында 14 823 көлік сатқан Kia тұр.
Нарықтағы қытайлық маркалардың көрсеткіші де айтарлықтай өскен. Changan 11 927, Chery 9686, Haval 7590, Jetour 6903, JAC 5739, ал Geely 3794 автомобиль сатқан. Toyota-ның жеті айдағы нәтижесі 4961 көлікті құрады.