Қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеуді талап етті

Қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеуді талап етті
Фото: Zakon.kz

Қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халық денсаулығына қалай әсер еткенін анықтауды сұрап, петиция жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бастама авторлары елде бірыңғай уақыт енгізілгеннен кейін тұрғындар арасында шаршау, ұйқышылдық және жалпы әлсіздікке қатысты шағымдар көбейгенін алға тартқан. Осыған байланысты олар Денсаулық сақтау министрлігіне халықтың денсаулығына кешенді зерттеу жүргізуді ұсынды.

Петицияда зерттеу жұмысын үш жыл бойы жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялау талап етілген. Сондай-ақ азаматтар өз пікірлері мен денсаулық жағдайындағы өзгерістер туралы мәлімет қалдыра алатын арнайы онлайн-платформа құру ұсынылған.

Бастама иелерінің пікірінше, мұндай ресурс қазақстандықтарды зерттеуге кеңінен тартып, бірыңғай уақыт белдеуінің ықтимал әсерін нақты деректер негізінде бағалауға мүмкіндік береді.