2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда жалпы көлемі 9,1 мың тоннадан астам шай және кофе өндірілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өндірілген өнімнің 3,8 мың тоннасы шайға тиесілі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шай өндірісінің басым бөлігі Алматы қаласында шоғырланған. Есепті кезеңде қала кәсіпорындары 3 528 тонна шай өндіріп, республикадағы жалпы көлемнің 92,1 пайызын қамтамасыз еткен. Жеті ай ішінде Қазақстанға 18,3 мың тонна шай импортталды. Ал ішкі нарықта 20,8 мың тонна өнім сатылған.
Статистикаға сәйкес, ел тұрғындары ай сайын орта есеппен жан басына шаққанда шамамен 100 грамм шай тұтынады. Сондай-ақ жылдың алғашқы алты айында Қазақстаннан шетелге 3,9 мың тонна шай мен кофе экспортталған.
Қазақстанға шай жеткізетін негізгі елдер қатарында Кения, Үндістан, Ресей, Италия және Қытай бар.