Қазақстандық жүргізушілер жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті қағаз түрінде өзімен бірге алып жүрмеуіне болады. Егер бұл құжаттар электрондық форматта ұсынылса, олардың заңды күші қағаз нұсқасымен тең саналады, деп хабарлайды dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, Жол қозғалысы қағидаларына сәйкес жүргізуші өзімен бірге қажетті құжаттарды алып жүруге және полиция қызметкерінің талабы бойынша көрсетуге міндетті. Олардың қатарында жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, қажет болған жағдайда жол парағы, тасымалданатын жүкке қатысты құжаттар және заңнамада көзделген өзге де құжаттар бар.
Ведомство Қазақстан азаматтары мен елімізде тіркелген автокөлік құралдары үшін бұл құжаттарды электрондық форматта пайдалануға рұқсат берілгенін еске салды.
"Заңнамаға сәйкес жеке куәліктің қағаз және электрондық нұсқалары тең дәрежеде танылады. Сондықтан жеке куәлік цифрлық форматта ұсынылған жағдайда, оны қағаз түрінде өзіңізбен бірге алып жүру міндетті емес", - деп түсіндірді ІІМ.
Сондай-ақ министрлік жүргізуші eGov Mobile немесе кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлігін көрсете алса, бұл құжаттардың қағаз нұсқасын өзімен бірге алып жүру талап етілмейтінін атап өтті.
Осылайша, Қазақстан азаматтары үшін жоғарыда аталған негізгі жүргізуші құжаттарын цифрлық форматта көрсету заң талаптарына толық сәйкес келеді.