Қазақстандықтардың үштен бірі әлі Украинадағы соғысты қолдайды - зерттеу

Көркем Алдабергенова 20 ақп. 2025 16:05 792

Қазақстан азаматтарының үштен бір бөлігі дерлік (27,8%) Ресей үгіт-насихатының ықпалымен Украинадағы соғысты қолдауды жалғастыруда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Demoscope бюросы 2025 жылғы 27 қаңтар мен 5 ақпан аралығында «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» тақырыбында кезекті сауалнама жүргізді. Бұл зерттеу Халықаралық MediaNet журналистика орталығы мен Paperlab зерттеу орталығының бірлесіп атқарған жобасы, оған Конрад Аденауэр қоры қолдау көрсетіп келеді. Мұндағы деректер 2022 және 2023 жылдардағы дәл осындай тәсілмен өткен сауалнамалармен салыстырғанда, соғысқа қатысты қазақстандықтардың ұстанымының қалай өзгергенін көрсетуге мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижесі респонденттердің 27,8 пайызы әлі де ресейлік ақпарат көздерінің ықпалында екенін аңғартады: 10,7 пайызы «Ресей Украинадағы фашизмге қарсы арнайы операция жүргізіп жатыр» десе, 17,1 пайызы «Ресей Украина аумағында НАТО және Батыс елдерімен соғысып жатыр» деп есептейді. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 33,2 пайыз, 2023 жылы 31,8 пайыз болған. Сарапшылар мұны Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің осалдығымен байланыстырады, өйткені ресейлік контент әлі де бірқатар аудиторияға ықпал етіп отыр.

Соған қарама-қарсы пікірді ұстанғандардың үлесі де үш жылда айтарлықтай өзгермеген. 2025 жылы 24 пайыз респондент «Ресейдің басты мақсаты – Украинаны басып алып, өзіне қосып алу» деп санайды. Ал сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (48,2 пайызы) «Қай сценарийдің дұрыс екенін білмейміз» деп жауап берген. Сұралғандардың көпшілігі (55,5 пайызы) соғысқа қатысты бейтарап қалуды жөн көреді. Ал 20 пайызы Украина жағында екенін айтса, 15 пайызы Ресейге бүйрегі бұратынын білдірген. Жасы үлкейген сайын ресейшіл көзқарас нығая түсетіні байқалады: 60 жастан асқан респонденттердің 37,7 пайызы Ресейді қолдаған.

Қоғамның соғысқа деген қызығушылығы біртіндеп бәсеңдеп келеді. Алайда 2025 жылы да респонденттердің 42 пайызы майдан жаңалықтарына әлі назар аударып жүр (11,8 пайызы күн сайын, 30,2 пайызы ара-тұра қарайды). Салыстыру үшін айтар болсақ, 2023 жылы бұл көрсеткіш 53 пайыз еді, ал 2022 жылы 62,6 пайызға жеткен. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл – қоғамның соғыс тақырыбынан шаршауы және ел ішіндегі экономикалық әрі саяси түйткілдерге көбірек көңіл бөле бастауының белгісі.

Респонденттердің басты ақпарат көзі әлеуметтік желі (55,8 пайыз). Сондай-ақ қазақстандық БАҚ-тан (19,9 пайыз), таныс-туыстарынан (13,6 пайыз) және ресейлік медиадан (9,3 пайыз) мәлімет алатынын жеткізгендер бар. Украиналық ақпарат құралдарын 2,9 пайыз, басқа шетелдік БАҚ-ты 2,4 пайызы ғана оқып/қарайтынын айтқан.

Зерттеу нәтижесі бойынша қазақстандықтардың көпшілігі болашақта бейбіт келісімге келуге үміттенеді. Жауап бергендердің 57,4 пайызы «Араағайын елдердің араласуымен тараптар ымыраға келеді» деген сенімде. 11,8 пайызы «Ресей жеңеді» десе, 4,7 пайызы «Украина жеңеді» деп есептейді.

Demoscope жүргізген үш жылдық сауалнамаларда Ресейдің Қазақстанға ықтимал агрессиясы да назардан тыс қалмаған. Биыл 25,8 пайыз респондент Ресейдің біздің елге қарсы әрекет етуі мүмкін деген қауіп білдірсе, 58 пайызы мұны орынсыз үрей деп санайды, 16,2 пайызы нақты жауап бере алмаған. Сонымен қатар сұралғандардың 14,6 пайызының Украинаға көзқарасы жақсарған, ал 4,3 пайызы Ресейге оң қарай бастағанын айтты. 28,8 пайызы «Ресейге деген пікіріміз нашарлады» десе, 14,6 пайызы «Украинаға симпатиямыз азайды» деп жауап берген. Қалғаны бұрынғы ұстанымын өзгертпеген.

Сауалнамада соғыстың Қазақстан экономикасына ықпалы да сұралды. Респонденттердің 35,1 пайызы «соғыс еліміздің экономикалық дамуына кері әсер етті» деп есептесе, 5 пайызы «керісінше оң өзгеріс әкелді» деген сенімде, ал 41,3 пайызы «аралық байланыс жоқ» деген көзқараста.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар