Қазақстандықтардың атына несие рәсімдеген қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Қаракөз Амантай 30 қар. 2024 11:58 1055

Ақмола облысында полиция қызметкерлері қазақстандықтардың атына жалған жолмен ірі көлемде несие рәсімдеген қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

26 қарашада Ақмола облысы полициясының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Көкшетау мен Алматы қалаларында арнайы операция өткізіп, қылмыстық топтың бес мүшесін ұстады. Олар бірнеше ай бойы банктердің филиалдарында ауыл тұрғындарының атына жалған несие рәсімдеп отырған.

«Топ мүшелері азаматтардың сеніміне кіріп, оңай ақша табу мүмкіндігін ұсынып, оларды Алматы қаласына апарып, жалған сылтаумен ұстап отырған. Қазіргі уақытта жеті адам зардап шеккендер ретінде танылды, бірақ полиция қызметкерлері құрбандар саны әлі де артуы мүмкін екенін айтады», – деп хабарлады ведомство.

Операция барысында құқық қорғау органдары ақша, травматикалық және суық қаруларды, мобильді құрылғыларды, флешкарталарды және банк келісімшарттарын тәркіледі.

«Қылмыстық топқа қатысты «Ұйымдасқан топ құрамында жасалған алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция құрбандардың нақты санын және келтірілген жалпы материалдық шығын мөлшерін анықтайды», — делінген хабарламада.

Полиция тұрғындарды қаржылық мәселелерде сақ болуға, жеке деректерін бөтен адамдарға бермеуге және кез келген күмәнді ұсыныстардан бас тартуға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар