Қазақстандықтар рубльден жаппай бас тартып жатыр

Қаракөз Амантай 26 жел. 2025 16:13

Қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы айырбастау пункттерінде АҚШ долларын сату көлемі қазанмен салыстырғанда 0,8% пайыз өсіп, 234,7 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Never.Aqsha телеграм арнасының мәліметінше, жылдық мәнде америкалық валюта бойынша операциялар көлемі 2,8% пайыз артқан.

"Еуроға деген сұраныс та сақталып тұр. Қарашада республика бойынша еуроның таза сатылымы 14,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар фунт стерлинг (421,5 млн теңге) және қытай юані (135,4 млн теңге) бойынша да аздаған оң сальдо тіркелді", - дейді дереккөз.

Ал ресейлік валюта бойынша кері үрдіс байқалады. Қараша айында рубльмен жүргізілген операциялардың теріс неттосы 18,6 млрд теңгеге жетті, бұл айырбастау пункттерінде халықтың рубльді жаппай сатқанын білдіреді. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 32,1 млрд теңге болған. Рубль бойынша теріс сальдо 2024 жылғы желтоқсаннан бері үздіксіз сақталып келеді.

Қолма-қол ақша операцияларының ең үлкен көлемі дәстүрлі түрде ірі қалаларға тиесілі. Астанада доллардың таза сатылымы 16,8 млрд теңгені, Алматыда – 103,1 млрд теңгені, Шымкентте – 36,6 млрд теңгені құрады. Осы қалаларда рубльді өткізу көлемі де ең жоғары деңгейде тіркелген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар