Қазақстандық адвокаттар қылмыстық қудалау мен қысым көрсетіліп жатқанын айтып, бұл әрекеттердің артында Қырғызстанда іздеуде жүрген бизнесмен Ясынжан Таиров тұр деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz KazTAG-қа сілтеп.
Адвокат Эльмира Аппасованың айтуынша, адвокаттық қызметке заңсыз араласу Қазақстан заңнамасы бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынына қарамастан, құқық қорғау органдары бұл талаптарды елемей отыр.
"Біз Ясынжан Таировпен кездесіп, оның не себепті шағым түсіргенін анықтадық. Ол бізді бұрын танымаса да, мүлкімізді сатқызып, 1 миллион доллар талап еткен. Бұл рейдерлік әрекетке оның өзі мен бауыры Алмаз Ибрагимовтың ықпалымен тергеушілер көмектесіп жатыр", - деді Аппасова Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында.
Келісімнен кейінгі қысым
Адвокаттардың айтуынша, жанжал Астана адвокаттар алқасының мүшесі Ләззат Жансеитова мен оның клиенті Ясынжан Таиров арасындағы келісімнен басталған. Бастапқыда кәсіпкер адвокатпен ресми келісімшарт жасасып, қызметіне ақы төлеген. Алайда көп ұзамай адвокатқа қарсы негізсіз талаптар қоя бастаған.
"Таиров Қырғызстанда іздеуде жүрген адам. Бейресми дереккөздерге қарағанда, ол сол елдегі белгілі қылмыстық топтардың мүшесі болған. Алайда біздің көші-қон қызметтері бұл деректерді тексерместен, оған Қазақстан азаматтығын беріп отыр", - деді құқық қорғаушы, Президент жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айман Омарова.
Оның айтуынша, кейін адвокат Жансеитова аталған талаптар бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсіргенімен, бұл шағым тіркелмеген.
Адвокаттарды жауапқа тарту әрекеті
Адвокаттар кәсіпкер мен оның таныстары арасында болған ақша алмасу адвокатқа еш қатысы жоғын айтқанымен, құқық қорғау органдары Жансеитованы алаяқтық жасады деп айыптап отыр.
"Тергеушілер Амантай мен Абжанов адвокаттың кеңсесін тінтуге санкция алып, оның адвокат екенін көрсетпеген. Бұл - заң бұзушылық", - деді Омарова.
Адвокаттардың мәлімдеуінше, 8 мамырда Жансеитованың пәтері мен кеңсесінде тінту жүргізілген. Құқық қорғаушылар пәтерге кірмес бұрын есік алдында белгісіз ұнтақ салынған пакет тастамақ болған. Жансеитова күмән тудырған адамды сыртқа шығарып жіберген.
Адвокаттарға жасалған қысым
Баспасөз мәслихатына қатысқан заңгерлер адвокаттың әріптестері мен туыстарына да қысым көрсетілгенін айтты. Кеңселер заңсыз тінтіліп, істерге қатысы жоқ құжаттар алынып, адвокаттық құпия бұзылған.
Адвокаттарға ҚР Қылмыстық кодексінің 407-бабы бойынша - «досудебтік тергеуге кедергі келтіру» дерегімен іс қозғалған.
Мемлекет тарапынан қорғау жоқ
Адвокат Ләззат Жансеитова заңсыз қудалауға қатысты шағым түсіріп, Республикалық адвокаттар алқасының кәсіби құқықтарды қорғау комиссиясы тексеріс жүргізген. Комиссия адвокаттардың құқықтары өрескел бұзылғанын анықтады.
Комиссияның қорытындысында тергеу судьясының санкциясысыз адвокат кеңсесін тінту заңға қайшы екені, адвокаттық құпияны қорғау нормалары бұзылғаны, полиция тарапынан өкілеттілікті асыра пайдалану мен заңды қызметке кедергі келтіру деректері орын алғаны айтылған.
"Құқық қорғау органдарының бұл әрекеттерінен кейін біз, адвокаттар, мемлекеттің заңды қорғауынан тыс қалғанымызды түсіндік. Бүгінде біздің заңды қызметімізге кедергі келтіріліп жатыр. Біз құқық қорғау жүйесінің алдында дәрменсіз қалдық", - деді Астана адвокаттар алқасының мүшесі Арман Жансеитов.