Freedom Inside '26

Қазақстандағы су тасқынын болжау үшін америкалық технология енгізіледі

Қазақстандағы су тасқынын болжау үшін америкалық технология енгізіледі
Фото: youtube.com/@ansa2573 скриншот

Қазақстанда көктемгі су тасқынын дәлірек болжауға мүмкіндік беретін жаңа жоба іске қосылады. Бұл бағытта Су ресурстары және ирригация министрлігі АҚШ компанияларымен бірлесіп жұмыс істемек, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрлік америкалық авиациялық мониторинг саласына маманданған компаниялармен бірлескен пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында арнайы әуе жабдықтарының көмегімен қар жамылғысы сканерленіп, көктемде еритін судың көлемі есептеледі.

Мамандардың айтуынша, бұл технология көктемгі тасқын қаупін алдын ала бағалап, су басу қаупі жоғары аймақтарда дер кезінде қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тұрғын үйлерді, елді мекендерді және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау жұмыстары тиімдірек ұйымдастырылмақ.

Пилоттық жоба алғаш рет Ақмола облысындағы Жабай өзені алабында жүзеге асырылады. Бұл өңір жыл сайын көктемгі су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі саналады.