Қазақстандағы ең бай кәсіпкерге тиесілі компания АҚШ-тың санкциялық тізіміне ілікті

Қаракөз Амантай 02 мам. 2024 14:24 4340

АҚШ-тың шетелдік активтерді бақылау басқармасы ұйымының мәліметінше, Чукоткада ірі алтын-мыс кен орнын игеруге дайындалып жатқан "Баимская" тау-кен компаниясы АҚШ-тың санкциялық тізіміне ілікті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Баимская" тау-кен компаниясы Чукотка автономиялық округіндегі Песчанка мыс-порфир кен орнында металл өндіруге лицензия алған.

2018 жылы компанияны қазақстандық KAZ Minerals Роман Абрамович пен Александр Абрамовтың Aristus Holdings компаниясынан сатып алған. Мәміле сомасы қолма-қол ақша мен акциялар түрінде 900 миллион долларды құрады.

Trianon Limited Баимскаяны 2023 жылдың шілдесінде мыс өндіруші KAZ Minerals компаниясынан сатып алды, оның да негізгі акционерлері - Ким мен Новачук.

 "Бұл мәміле аяқталғаннан кейін KAZ Minerals Ресейдегі жұмысын тоқтатады", – деп түсіндірді компания басшылығы.

Trianon Limited компаниясын 2022 жылдың маусымында АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитеті тіркеді. Trianon Limited – 2022 жылы Мәскеуде тіркелген "Баимская холдингі" мен "Баимская УК" компаниясының құрылтайшысы.

Аталмыш жобаға салынған күрделі инвестиция шамамен 8,5 миллиард долларға тең. Кен өңдеу қуаттылығы жылына 70 млн тоннаны, ал мыс өндіру көлемі жылына 300 мың тоннаны, алтын өндірісі жылына 490 мың унцияны құрайды деп болжанған. «Баимская» тау кен орнының ресурсы 9,5 миллион тонна мыс пен 16,5 миллион унция алтынға бағаланған. Кеніш 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Кен орнында қазіргі уақытта бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кен орнын электрмен жабдықтауды "Росатом" корпорациясы салатын және басқаратын атом электр станциясы қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, KAZ Minerals – Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі және жанама өнім ретінде мырыш, күміс және алтын өндіреді. Ол Қазақстанның Бозшакөл мен Ақтоғай ашық кеніштерін және Шығыс Қазақстан облысындағы үш жерасты кеніштерін басқарады. Ал аталмыш компанияның акционері Владимир Ким Forbes мәліметінше, әлемдегі ең бай адамдардың  тізімінде 896-орында тұр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар